МАГАТЭ делегациясы Иранға баруды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) техникалық делегациясы алдағы екі-үш апта ішінде Иранға баратынын айтты, деп хабарлайды ИРНА.
Сапардың мақсаты — Иран мен Агенттік арасындағы одан әрі ынтымақтастық жолдарын талқылау.
Америкалық БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйлеген Гарибабади Иранның Атом энергиясы ұйымы Израиль мен АҚШ жасады деп саналып отырған шабуыл салдарынан елдің ядролық нысандарына келтірілген шығынды бағалап отырғанын қосып өтті.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары сондай-ақ Иранның жұма күні үш еуропалық елмен кездесуін өте маңызды деп атап, Еуропаның бұл үш елінің өкілдері осыған дейін Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчимен байланысқа шығып, жағдайды реттеудің жолын табуға мүдделі екенін білдіргенін айтты.
Бұған дейін Иран, Ресей және Қытай Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөз жүргізгенін хабарлаған болатынбыз.