МАГАТЭ: Иран қол жеткізілген келісімдерді орындап келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атом энергетикасы бойынша халықаралық агенттіктің мәлімдеуінше, Иран өзінің ядролық бағдарламасы бойынша қараша айында алтылықпен қол жеткізілген келісімдерді орындап келеді.

Агенттік құжатында аталған мемлекетте жоғары байытылған уранның қоры соңғы төрт жылда алғаш рет ауқымды көлемде қысқарып отырғаны баяндалған.

Кеше Венада Иран мен «алтылық» (БҰҰ ҚК тұрақты мүшелері мен Германия) келіссөздерінің кезекті кезеңі аяқталды.

ЕО-ның шетелдік істер мен саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон келіссөздер өте жемісті болғанын атап өтті. Оның пайымынша, бұл бағытта алда көп жұмыстарды атқару қажет. Осы орайда келіссөздерге қатысушылар бірқатар даулы мәселелерді айқындап, бұл жұмыстарды алдағы уақытта қарастыру керектігін атап өткен.

Естеріңізге сала кетейік, Иран жағы уранды байыту үшін жаңа центрифугаларды орналастырудан бас тартып, өздерінің ядролық нысандарына халықаралық сарапшыларды кіргізуге және қаруға негізделген плутонийді өндіруге техникалық тұрғыда қауқарлы ядролық реактордың құрылысын тоқтатуға келісті.

Өз кезегінде бұл елге қатысты экономикалық санкциялар біршама жеңілдетілетін болады.