Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бағалауынша, жаңа нысанға газ центрифугаларының 28 каскадына дейін орналастыруға болады. Бұл туралы МАГАТЭ-нің 28 тамыздағы баяндамасында айтылған. Оның мазмұны сәрсенбі, 9 қыркүйекте халықаралық БАҚ-та жарияланды.
Бұдан бөлек, агенттік Пхеньянға жақын орналасқан Кансондағы кеңейтілген уран байыту нысанының жұмысын бастағанына қатысты белгілер бар екенін мәлімдеді. МАГАТЭ инспекторлары 2009 жылдан бері Солтүстік Кореяға кіре алмайтындықтан, агенттік Пхеньянның қызметін спутниктік суреттер мен КХДР мемлекеттік БАҚ-тары жариялаған фотосуреттерді қоса алғанда, ашық дереккөздердегі ақпаратты талдау арқылы бақылап отыр.
Агенттік мәліметінше, Йонбёндегі екі қабатты жаңа ғимарат кешен аумағындағы уран байытатын екінші нысан болып отыр. Мамандар мұндай қорытындыға құрылыс кезеңіндегі спутниктік суреттерді КХДР басшысы Ким Чен Ынның маусымдағы сапары кезінде түсірілген фотосуреттермен салыстыру арқылы келген. Солтүстік Корея БАҚ-тары жариялаған кадрларда ғимараттың екі қабатында да орналасқан газ центрифугаларының каскадтары көрінеді. МАГАТЭ бағалауынша, нысанға осындай 28 каскадқа дейін орналастыруға болады.
Баяндамада сондай-ақ Кансондағы кеңейтілген уран байыту нысанында жұмыстар қаңтар айында басталуы мүмкін болғаны айтылған. Ол жерде қосымша нысан 2024 жылы салынған. Агенттік бұл деректер Солтүстік Кореяның ядролық инфрақұрылымы бірден бірнеше нысанда кеңейіп жатқанын көрсетеді деп санайды.
МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси халықаралық қауымдастықтың КХДР-дың ядролық бағдарламасының дамуына алаңдап отырғанын мәлімдеді.
— Кансон мен Йонбёндегі байыту қондырғыларының қазіргі уақытта жұмыс істеп тұруы, сондай-ақ КХДР-дың қару-жараққа арналған ядролық материал өндірісін одан әрі кеңейтіп жатқаны туралы ақпарат үлкен алаңдаушылық туғызады, — деп атап өтті ол.
МАГАТЭ Солтүстік Кореяның ядролық саладағы қызметі Пхеньянға ядролық қару мен баллистикалық зымырандарға қатысты бағдарламаларды дамытуға тыйым салатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын бұзатынын еске салды.
Бұған дейін МАГАТЭ басшысы Солтүстік Кореяның ядролық қару әлеуетін арттырғаны туралы хабарлаған болатын.