Магдебургтегі теракт. Тоқаев Германия Президентіне көңіл айтты

Фото: Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айту жеделхатын жіберді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Магдебург қаласындағы жәрмеңкеде орын алған жантүршігерлік оқиға салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айтты.

— Достас герман халқының ауыр қайғысына ортақтасып, еліміздің және өз атымнан марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, — деп жазылған жеделхатта. 

Еске салсақ, жұма күні кешке қара түсті BMW жүргізушісі көлікті Магдебургтегі (Саксония-Анхальт федералды штаты) Рождестволық базарға әдейі бағыттап, бірнеше адамды қақты.

Кейіннен көлік жүргізушісінің 1974 жылы туған Сауд Арабиясының тумасы екені анықталды.

Бұл оқиғадан кейін Сауд Арабиясы Магдебург базарындағы лаңкестік әрекетті айыптайтынын айтты.