Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

Бүгін магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды, деп хабарлайды Kazinform ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Естеріңізге сала кетсек, кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүзеге асырылды. 

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 8 мыңнан астам өтініш қабылданды. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бар. 

Бүгін басталған емтихан 8 желтоқсанға дейін жалғасады. 

Шекті балдар өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік магистратураға түсу үшін 50 балл жинау қажет. Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда оқуға түсушілер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде онлайн-апелляция бере алады. 

Магистратураға түсушілер 3,8 мың мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады. Оның ішінде «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» білім беру бағдарламасына 1 758 грант, Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға» 569 грант, «Педагогикалық ғылымдарға» 469 грант бөлінген.