Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеудің аралық нәтижесі жарияланды
17:37, 04 Тамыз 2025
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі күнге дейін магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді (КТ) 39 мыңнан астам үміткер тапсырды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады.
Аралық қорытынды бойынша:
- Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша түсушілердің 52%-ы, бейінді бағыт бойынша 21%-ы шекті балл жинаған;
- Ғылыми-педагогикалық бағыттағы орташа балл — 78, ал бейінді бағытта — 23 балл;
- Ең жоғары нәтиже — 139 балл.
Сонымен қатар, тестілеу барысында тәртіп бұзғаны үшін 99 адамның нәтижесі жойылды. Атап айтқанда:
- Тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 67 үміткер тест тапсыру құқығынан айырылды;
- Тестілеу кезінде тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін 31 адам аудиториядан шығарылды;
- 1 бөгде тұлғаның қатысқаны анықталды.
Еске салайық, магистратураға қабылдауға арналған кешенді тестілеу 21 шілдеде басталған және 7 тамызға дейін жалғасады.
- Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12–18 тамыз аралығында жүзеге асырылады.
- Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланбақ.
- Болашақ магистранттарды жоғары оқу орындарына қабылдау 28 тамызға дейін аяқталады.
Айта кетейік, магистратураға түсушілерге арналған күнтізбе жарияланды.