Магомед Адиев «Атырау» бас бапкері атануы мүмкін

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Атыраулық команда биылғы біріншілікті сәтсіз бастады. Төрт ойында небәрі бір мәрте жеңіске жетіп, үшеуінде қарсыласына есе жіберді. Турнир кестесінде үш ұпаймен тоғызыншы орында тұр. 

Магомед Адиев 2022 жылдан бері Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін атқарды. Содан бері 22 ойынның 11-інде жеңіске жетіп, біреуінде тең ойнаса, қалғанында қарсыластарға есе жіберді.

2022-2023 жылдарда Ұлттар лигасында С дивизионында өз тобында бірінші орын алып, былтыр В дивизионында сынға түсуге мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында ел құрамасы 18 ұпай жинап, өз тобында үшінші орын алды. Бұл — құрама тарихындағы үздік көрсеткіш.

Магомед Адиев 1994-2009 жылдар аралығында ресейлік және қазақстандық клубтардың намысын қорғады. 2010 жылдан бері бапкерлікке бет бұрып, ресейлік және еліміздің «Шахтер» клубында жетекшілік етті.

Магомед Адиев былтыр Ресейдің «Ахмат» командасында бас бапкер болып, алты турдан кейін қызметінен кетті.

Еске салсақ, футболдан екінші лиганың ойындары 8 сәуірде басталады.