Мағжан Жұмабаев жылы: Анкара ақынды ұлықтады

Фото: None
КАСТАМОНУ. ҚазАқпарат -Анкарада Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына арналған алғашқы жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай, түркі әлемінде 2018 жыл «Мағжан Жұмабаев жылы» болып жарияланған еді.

Еуразия Жазушылар одағы ұйымдастырған «Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы» атты танымдық дәріс-конференцияның негізгі баяндамашысы Ғази университетінің доценті Ферхат Тамир болды.

Ферхат Тамир - тәуелсіздік таңында Мағжан Жұмабаев шығармашылығы туралы Түркияда ең алғаш ғылыми еңбек жазып, 1993 жылы ақынның өлеңдерін түрік тіліне аударған ғалым. Ол жиырма бес жылдан астам уақыт бойы туысқан түрік елінде Мағжан шығармаларын насихаттаумен айналысып келеді.

Жиынды Мағжан ақынның бүкіл түркі халықтары поэзиясына қосқан үлесі туралы кіріспе сөзімен ашқан Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы, ақын өлеңдерінің туыстас халықтардың тарихындағы ерекше қызметін атап өтті. Негізгі баяндаманы жасаған Ферхат Тамир түрік оқырманына Мағжанның өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты деректер ұсынып, бірнеше өлеңіне ғылыми талдаулар жасады.

«Алаш» партиясының қайраткерлері мен Мағжанның рухани байланысын таразылай келіп,  «Жүз жыл бұрынғы қазақ поэзиясында Мағжандай қуатты, ұлтшыл, лирик ақын болған жоқ»,- деді ол.

Жиын соңында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымындағы ҚР МСМ өкілі Асқар Тұрғанбаев құттықтау сөз сөйлеп, ақын Әли Акбаш түрікшеге өзі аударған Мағжан өлеңдерін оқыды.

Айта кетейік, 2018 жылды «Мағжан Жұмабаев жылы» етіп жариялаған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы түркі тілдес елдерде ақын мерейтойын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отыр. Ақпан айының 16-20 күндері Түркияның Кастамону, Анкара қалаларында ақынның туған өлкесінен келетін делегацияның қатысуымен «Мағжан жылының» ашылу салтанаты өтеді деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар