Мағжан Жұмабаевтың махаббат жырлары жеке кітап болып басылып шықты
11:59, 22 Наурыз 2009
АЛМАТЫ. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда Мағжан Жұмабаевтың махаббат жырлары «Сен сұлу» деген атпен қазақ, орыс тілдерінде жеке кітап болып басылып шықты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жоба жетекшісі - Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры, ҚР кітапханашылар қауымдастығының президенті, профессор Роза Бердіғалиева. Кітаптың алғысөзін жазып, құрастырған - ақын Есенбай Дүйсенбайұлы. Шығарма «Ол-Жас баспасы» ЖШС-нен жарық көріп отыр. Бұл жинаққа Мағжанның «Сүй, жан сәулем», «Гүлсімге», «Сен сұлу», «Шолпы», «Жас сұлуға», «Алданған сұлу», «Жарыма», «Орамал», «Сүйгенім анық», «Жан жарымды бір сүйейін түсімде», «Әйел», «Қарындасқа», «Махаббат не?», «Жан сөзі», «Жұлдызды ? жүзік, айды алқа ғып берейін», Сағындым», «Сүйемін», «Анама» деген сияқты 39 өлеңі мен «Батыр Баян» дастаны топтастырылған. Биыл «Бір ел ? бір кітап» акциясын Ұйымдастыру комитеті қазақстандықтарға Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» атты жыр топтамасын оқуды ұсынған болатын. Бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі шара кезінде былтыр әдебиетсүйер қауым Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романын, ал 2007 жылы Абайдың «Қара сөздерін» қайта оқып, рухани байлығын арттырған еді.