«Мағжан» журналының кезекті саны оқырмандарға жол тартты

АСТАНА. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Тұрақты жарық көріп келе жатқан «Мағжан» әдеби-көркем көпшілік журналының кезекті №3 саны жарыққа шықты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Журналдың шымылдығын «Азаттықтың алтын арқауы» атты мақала ашып отыр. Онда 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Конституциясы туралы ойлар өрбіген. Ата заңымыздың арқасында ел болып қол жеткізген табыстарымыз жөнінде жазылған. Мақала авторы - Солтүстік Қазақстан облыстық сотының алқа төрағасы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев.

Басылым Мағжан туралы зерттеулерді тұрақты жариялап келеді. Осы санында журнал ақын, жазушы Нұрғожа Ораздың «Туыстас халықтар құрметтеген», сол секілді ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Жанбай Қадыровтың «Мағжан шығармашылығына ХХ ғасырдың басындағы саяси әлеуметтік жағдайдың әсері» атты зерттеу мақалаларын беріп отыр. Осы жолы да Мағжан Жұмабайұлының бір топ өлеңдері жариялаған.

Журналда жазушы, журналист Жақсыбай Самраттың «Бас сыйлықты алған бәйтерек» атты мақаласы жарық көріп отыр.

«Әлем әдебиеті» айдарымен латыш жазушысы Андра Нейбурганың «Қияндағы Евридика» деген туындысы мемлекеттік тілде берілген. Бұл шығарманы Жанар Иманасова тәржімалаған.

Осы журнал бетінде журналисттер Амандық Жантеміровтің «Аналардың анасы», Нұрсайын Шәріптің «Жүрегінен жыр төгілген» мақалалары жарық көрген. «Поэзия» айдарымен ақын Болат Қожахметовтың жырлары оқырман назарына ұсынылған. Журналда тағы басқа да танымдық, зерттеу материалдары беріліп отыр.

Ата кету керек, бұл журнал 2007 жылғы қаңтар айынан бері шығып келеді. Журналдың бас редакторы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы Жарасбай Сүлейменов.