Бұл кешке ақынның көзін көрген ақын-жазушылар, ғалымдар, қатысты. Мұқағали атындағы сыйлықтың иегері, ақын Оразақын Асқар Әбділда Тәжібаевтың өмірі жайлы естеліктер айтып, өлеңдер оқыса, жазушы-драматург Бексұлтан Нұржекеев пен филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітұлы арнайы баяндамалар жасады. Жастарға тағлымдық естеліктер айтты.
«Әбділданың қазақ әдебиеті саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, - деді ақын Оразақын Асқар, - Әбділда ұстаз ақын, ғалым ақын! Бірақ бірінші кезекте ол асқан лирик ақын! Жиырмасыншы ғасырдың ұлы лирик ақыны Мағжан Жұмабаев болса, Әбділда сол Мағжанмен лирика әлемінде тайталас болған ақын! Әбділданың жас ақындарға шапағаты көп тиген. Ол Мұқағалидың өлеңдерін шығаруға көп күш салған адам».
Әбділда Тәжібаевтың анасы Аймангүл де ақын болған екен. Жазушылар одағының мүшесі болып, кезінде үш-төрт кітап шығарыпты. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігіне Әбділда Тәжібаев анасымен бірге қатысқан екен.
Ал кеш соңында, Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 орта мектептің оқушылары мен Алматы көп салалы колледжінің студенттері ақын шығармаларынан өлеңдер оқыды.
Осы мәдени шара өткен Қазақстан жазушылары кітапханасында Әбділда Тәжібаевтың шығармаларына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.