Мағзұм Мырзағалиев Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының жұмысын сынға алды

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырауға жұмыс сапары аясында жергілікті мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) жиналыс өткізді. Мұнда ол кәсіпорындағы жөндеу жұмыстарының жоспарлы мерзімінен кешігіп орындалғанын айтты.

Атырау МӨЗ-і жоспарлы жөндеу жұмыстарын осы жылдың 5 желтоқсанында аяқтаған. Зауыттың бірнеше негізгі қондырғысы ішкі және сыртқы факторлардың салдарынан кешігіп іске қосылды.

Аталған жөндеу шаралары көлемі бойынша елдегі мұнай өңдеу зауыттарының тарихындағы ең ірісі болып отыр. 2022 жылдың 1 қазанында АМӨЗ зауыттың 1-ші «тізбегін» тоқтатып, оны қазан айының соңында технологиялық режимге шығарды, одан кейін 2-ші «тізбек» тоқтатылды. АМӨЗ-дегі жөндеудің бұл тәсілі мұнай өнімдерінің тәуліктік өндірісі мен жөнелтілуін үздіксіз жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

ҚМГ басшысы 2022 жылы қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары мұнайды өңдеудің рекордтық көрсеткішіне жетіп, бензин, дизель отыны және битумның рекордтық көлемін өндіріп шығаратынын айтты. Сонымен қатар, АМӨЗ жоспарлы көрсеткіштердің орындалуына елеулі үлес қосады. Осыған байланысты Мағзұм Мырзағалиев қысқа мерзім ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан жанар-жағар майдың жоспарлы жөнелтілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бензин тәулігіне 5 мың тоннаға, дизель тәулігіне 4 мың тоннаға дейін жөнелтіледі.

Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысының және Үкіметтің тапсырмасы аясында 2023 жылы ҚР мұнай өңдеу зауыттарын аралас өңдеу схемасына көшіру бойынша жұмыс жүріп жатқанын баса айтты. Бұл схема мұнай өнімдерін өткізуде делдалдардың болмауына жол ашады.

Атырау МӨЗ-і екі жыл бойы жоспарлы жөндеуге тоқтамай жұмысын жүргізді. Бастапқыда АМӨЗ жөндеуі 2021 жылдың күз мезгіліне жоспарланған. Мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау мақсатында АМӨЗ жөндеу жұмыстары 5 рет кейінге шегерілді.