Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаз» ғимараты кімге тиесілі екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев кәсіпорынның елордадағы ғимараты неге сатылымнан алынғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіз айтып тұрған ғимарат бізге тиесілі. Сондықтан шынымен де оны саудаға шығару жұмысы жүргізіліп, ол жерден көшіп кеттік. Қазір ол жерде Энергетика министрлігі отыр. Сауда-саттықты неге алып тастады десек, бағалаудың қаншалықты негізділігіне байланысты мәселе туындаған. Қазір бағалаушымен жұмыс істеп жатырмыз», - деді компания басшысы.

Айтуынша, бағалау жүргізген компанияның құжаттары дұрыс болмағандықтан жұмыс кешігіп жатқан көрінеді.

«Шын мәнінде бағалаушылар ғимарат құнын арзандатпаған. Өйткені 11,7 млрд теңге деген баға астанамыздың нарығындағы шынайы жағдайға сәйкес келеді және ақылға қонымды. Бірақ бағалау жүргізген мекеменің құзыретіне қатысты мәселе туындады. Нақтырақ айтсақ, сертификаттау, аккредиттеу сипатындағы мәселе туындады», - деді компания басшысы.