Мағзұм Мырзағалиев: Қоршаған ортаны оңалту үшін ұлттық деңгейде шаралар қажет

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мәлік Мырзағалиев елдегі экологиялық мәселелерді реттеуде жергілікті атқарушы органдардың жұмысы тиісті нәтиже бермей отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта еліміздің 3,5 мың полигонында 120 млн тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталған. Жыл сайын 5 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдық қалыптасады. 2016 жылдан бастап тұрмыстық қалдықтарды өңдеу 2,6 пайыздан 11,5 пайызға дейін, ал өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу үлесінің 26,8 пайыздан 32,2 пайызға дейін өскені байқалады. 2019 жылдан бастап пластмассаны, картон мен қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салынды. Алайда өңірлерде тиісті инфрақұрылым болмағандықтан, іске қосылған механизм жеткілікті дәрежеде жүзеге асырылмай отыр», - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.

Оның айтуына қарағанда, атмосфералық ауаның сапасы, жерүсті суларының ластануы, кәріздік тазарту кешендерінің тозуы немесе болмауы, тұрмыстық қалдықтар полигондарының болмауы, нашар жай-күйі бойынша проблема баршылық.

«Жергілікті атқарушы органдар экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешенді шараларды қабылдау арқылы аталған проблемаларды шешуге тырысады. Дегенмен, республиканың қоршаған ортасын жақсарту үшін ұлттық деңгейде шаралар қажет», - деді Мағзұм Мырзағалиев.