«Махаббат» композициясы жыл әнi деп танылды - «Астана Жұлдызы»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында кәсiби «Астана Жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесі-2014» музыкалық сыйлығын табыстау салтанатты шарасы өттi.

Осымен екiншi рет өткiзiлiп отырған шара, ұйымдастырушылардың уәдесi бойынша, биылғы жылдағы қазақстандық шоу-бизнестiң ең көрнектi оқиғасына айналды. Қызыл кiлемнiң үстiмен елдiң барлық шығармашыл элитасы жүрiп өттi. Қазақстанның музыкалық индустриясының өкiлдерi елiмiздiң жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар таланттарды анықтауға келдi.

«Жыл әнi» аталымында Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы «Махаббат» композициясымен жеңiмпаз атанды.

«Бiз өте қуаныштымыз. Бiзге дауыс бергендерге мың алғыс. Бас тұсында бiз бұл өлеңдi интернетке салғанда, ол тыңдармандарға онша қатты ұнамап едi. Кейiн, жарты жылда ол қатты танымал болып кеттi», - дейдi Қ. Баекенов.

«Үздiк әншi» номинациясында Медеу Арынбаев, «Үздiк орындаушы» - Жанар Дұғалова жеңдi. Rin'Go тобы «Ең үздiк ерлер тобы» аталымында бiрiншi орын алса, КешYou «Ең үздiк әйелдер тобы» атағына лайық деп танылды. Ренат Ғайсин «Ең үздiк композитор» атанып, сыйлықты Кеңес Дүйсекеевтiң қолынан алды. Ал Ғалымжан Молданазар - «Жыл жаңалығы», Абдрахман Асылбек - «Үздiк ақын» (Мәтiн авторы), Terra - «Ең үздiк би тобы», Zarathustra band - «Ең үздiк Live-band» деп танылды. «Үздiк клипмейкер» аталымында Асқар Ұзабаев оқ бойы озық болды, дегенмен ол өз сыйлығын осы аталымда үмiткер болған Ернар Нұрғалиевке берiп кеттi.

«Мәдениеттiң дамуына қосқан үлесi үшiн» сыйлығын «Дос-Мұқасан» тобының мүшесi Мұрат Құсайынов алды. Сондай-ақ отандық мәдениеттiң дамуына үлкен еңбек сiңiрген ақындар Шөмiшбай Сариев пен Исраил Сапарбай, эстрада жұлдыздары Нағима Есқалиева мен Қарақат Әбдiлдина құрмет грамоталарына ие болды.

Байқаудың жүргiзушiлерi Баян Есентаева, Динара Сәтжан, Айгүл Иманбаева мен Нұрдәулет Шертiм көрермендерге орасан зор қуаныш сыйлап, шараның көркiн қыздырды.

Шара ұйымдастырушылары байқау барысында бiрнеше минут уақытты марқұм Фариза Оңғарсынованы еске алуға арнайы бөлiп, ақынның рухына тағзым еттi. Ақынның құрметiне опера әншiсi Сара Найман классикалық әндердiң бiрiн орындап бердi.

Еске салайық, аталмыш шара былтыр Астана әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен бастау алған болатын. «Астана Жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесi» байқауы барысында әлемдiк деңгейдегi музыкалық сыйлықтардың дауыс беру, бағалау технологиялары қолданылады және барлық халықаралық стандарттар бойынша өткiзiледi.