«6 тамыз күні сағат 02.20-лар шамасында Сарыарқа даңғылында қастандықпен өлтірілген (пышақ жарақаты) 32 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 99-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр», - деп хабарлады департамент өкілдері.
Астаналық ІІД хабарлағандай, күдікті ретінде 23 жастағы Павлодар тұрғыны ұсталды және ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Күдіктіден табылған заттай айғақ (пышақ) тәркіленді.
Ер адамның өлімі әлеуметтік желіде үлкен дауға айналды. Атап айтқанда, астаналық қыз «Махаббат» ТК жанында болған қайғылы оқиғаға биліктің мән беруін және қылмыстардың алдын алуын талап етті.
«Кеше түнде біздің аула маңында 1985 жылы туған жас жігітті айуандықпен өлтіріп кетті! (...) Өз үйімізге қорықпай келіп, өз ауламызда алаңсыз жүргіміз келеді», - деп жазды ол.
Қазіргі уақытта кісі өлімі бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.