Махачкаланың әуе кеңістігі жабылған бойда AZAL ұшағы кері оралды

АСТАНА.KAZINFORM — Бұл туралы AZAL ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Фарид Гусейнов мәлімдеді. 

Фото: azal.az

— Баку — Минеральные воды бағыты бойынша J2-8717 рейсін орындайтын Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе кемесінің капитаны, ұшқаннан кейін Баку әуе кеңістігінен шықпай жатып, Махачкала әуе кеңістігін жабу туралы NOTAM (ұшу туралы хабарлама) алғаннан кейін бірден оралуға шешім қабылдады. Ұшақ Гейдар Әлиев халықаралық әуежайына жергілікті уақыт бойынша 10:13–те аман-есен қонды, деп хабарлады компания өкілі.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған Әзербайжан Arilines компаниясының Embraer ұшағы Қазақстанның Ақтау қаласына жақын жерде апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 62 жолаушы, оның ішінде Әзербайжанның 37, Ресейдің 16, Қазақстанның 6 және Қырғызстанның 3 азаматы, сондай-ақ бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам, оның ішінде үш бала аман қалды.

Біз бұған дейін Ақтау маңында ұшақ апаты болғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Azerbaijan Airlines ұшақ апатынан зардап шеккендерге 20 мың манат (5 миллион теңгеден астам) төлейтіні, ал қаза болғандардың әрқайсысының отбасына 40 мың манат (11 миллион теңгеден астам) көлемінде өтемақы берілетіні хабарланды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің жарлығымен 2024 жылдың 26 ​​желтоқсаны Әзербайжанда ұшақ апатында қаза тапқандарды еске алу үшін аза тұту күні болып жарияланды.

Ақтау, Құрық және Баутино порттарында 2024 жылғы 25 желтоқсанда болған әуе апатында қаза тапқандарды еске алу және қайғыру белгісі ретінде Каспий теңізінің суына аза тұту гүл шоқтары қойылды.