ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Атамекен» өнер орталығында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 90 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мерейтойға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев университеттің Қазақстандағы ең байырғы жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтті.
«1932 жылдан бастап бүгінге дейін үлкен тарихи жолдан өткен қасиетті қара шаңырақ өзіндік брендін қалыптастырып, еліміздегі жоғарғы оқу орындар ішінен ойып тұрып орын алды. «Білімің болса-дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей» дегендей, бүгінде университет түлектері түрлі салада табысты еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Университет ұжымы қазіргі жаһандану дәуірінде тіл үйрену, ғылымға бет бұру, жаңа технологияларды игеру, ұлттық мәдениетті дамыту, заман талабына сай ұстаздар даярлау, болашақ чемпиондарды әзірлеу, халықаралық деңгейде ұлт мүддесін қорғау сияқты маңызды бағыттар бойынша мамандар даярлауда маңызды міндетті абыроймен атқарып келеді. Батыс Қазақстан университеті – өзіндік дәстүрлері мен құндылықтарын қалыптастырған білім ордасы. Бұл ең алдымен қазақ ғылымының көрнекті тұлғалары, биология ғылымдарының докторы, профессор Всеволод Иванов, математик-ғалым Асан Тайманов, филология ғылымдарының докторы Мәтжан Тілеужанов сынды корифейлер қалдырған асыл мұра деуге болады», деді өңір басшысы.
Университет ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлан Серғалиевтің мәлім еткеніндей, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми құрамы жылдан-жылға артып келеді.
«Қазіргі таңда университетте 17 ғылым докторы, 131 ғылым кандидаты, 10 РһD философия докторы, 159 магистр қызмет етеді. Университет көпсалалы білім және ғылым саласы, әлеуметтік ғылымдар және бизнес, техникалық ғылымдар және технологиялар, қызмет көрсету, білім беру, гуманитарлық ғылымдар, құқық, өнер, жаратылыстану ғылымдары бағыттары бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асырады. ЖОО-да құрылған ғылыми мектептер Қазақстанда және одан тыс жерлерде кеңінен танымал. Университетте педагогикалық, физика-математикалық, биологиялық, тарихи, химиялық, географиялық, экологиялық, филологиялық, саяси, экономикалық, әлеуметтік ғылымдар бойынша зерттеулер жүргізіледі. Университеттің осы және басқа да көптеген жетістіктері біздің басты капиталымыз болып табылатын бүкіл ұжымның, профессорлық-оқытушылық құрамның аянбай еңбек етуінің арқасында мүмкін болды. Батыс Қазақстан университеті өңірдегі білім, ғылым мен мәдениеттің жетекші орталығы ретінде өз қызметін үздіксіз жетілдіре бермек»,- деді Н.Серғалиев.
Тоқсан жылдық мерейтойға орай білім ордасының үздік ұстаздары марапатталып, мерекелік концерт қойылды. Сондай-ақ жаңа кітаптардың таныстырылымы болды.
Суреттерді түсірген Динара Насыр
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).