Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының 140 тұрғыны Атырауға көшірілді

Фото: Фото: Орал әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының 140 тұрғыны Атырау қаласына көшірілді.

Махамбет аудандық жедел штабтың мәліметінше, Талдыкөл ауылындағы тұрғындар ерікті түрде көшіріліп жатыр. Тұрғындарды эвакуациялауға 25 орындық 4 автобус, 12 орны бар 2 ГАЗель автокөлігі мен 30 қызметкер тартылған.

«Бейбарыс ауылдық округіндегі Талдыкөл ауылында 221 үй, 1215 тұрғын бар. Кешке дейін ауылдың 140 тұрғыны Атырау қаласына жеткізіліп, APEC жоғары колледжіндегі эвакуация пунктіне орналастырылды. Оның ішінде 29 ер, 50 әйел, 3 мүмкіндігі шектеулі жан, 2 жүкті ана, 16 жасқа дейінгі 52 жасөспірім мен 1 жасқа толмаған 4 сәби бар», - деп хабарлады аудандық жедел штабтан.

Ал, жігіттер ауылды тасқын судан қорғау үшін қалған. Қазір бұл ауылда тасқын суға қарсы жұмысқа төтенше жағдайлар саласының 107 қызметкері, 28 әскери қызметші жұмылдырылған. Арнайы 9 техника бар.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталғанын хабарлаған едік