Әкімнің пікірінше, салынып жатқан құрылыс нысандардың сапасы мен қауіпсіздігіне, жобалау-сметалық құжаттама дайындау кезіндегі бұзушылықтарға назар аудару керек. Себебі, аталған жайттар құрылыс процесін созып, бастапқы жоспарларды өзгертуге себеп болады.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, қазір өңірде 62 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Ал, 44 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы жасалған. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында мәдениет үйі, балабақша, оқушылар мен жастар сарайы, жатақхана секілді 9 нысан пайдалануға берілген. Енді екінші тоқсанда 8 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарының қарқыны бәсеңдемейді.
«Нысандар уақытылы тапсырылуы тиіс, әрі сапасына көңіл бөлінуі керек. Ешқандай сын көтермейтіндері бар. Бәрі емес әрине, бірақ мұндай деректердің бары рас. Атырау қаласы мен аудандардың әкімдеріне әлеуметтік нысандардың құрылысын бақылауды тапсырамын»,- деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.