Махамбет пен Индердің арасын жалғайтын жол уақытша жабылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау — Орал республикалық маңызы бар тас жолының 71-шақырымында жол үстімен өр суын өткізу әлі де жалғасып отыр. 

Фото: Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы

«Бұл шешім өр суының көп келуіне әрі су қарқынының жоғарылығына байланысты, Махамбет ауданына қарасты Жайық бойында орналасқан елдімекендерді тасқын қауіпінен сақтау мақсатында қабылданып отыр», — деп хабарлады Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы.

Махамбет және Сарытоғай ауылы тұсына жиналған жайылымдағы өр суы жолдың екінші беті, яғни батыс жақ бетіне жіберілді. Жайық өзені жағалауынан Атырау-Орал тас жолының ара қашықтығы шамамен 6-7 шақырымды құрайды. 

«Жағдай тұрақты, ауылдық елді-мекендерге қауіп жоқ. Орал, Индер, Махамбеттен Атырау бағытында автокөлік жүргізушілері Индер — Атырау трассасы арқылы қатынай алады», — делінген хабарламада.