«Қазақ-әзербайжан халықтарының рухани өміріндегі бір елеулі оқиғаның үстінде бас қосып отырмыз. Таяуда ғана Әзербайжан Республикасының астанасы - Баку қаласында Қазақстан Президенті жайлы жазылған «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабы жарық көрді. Әрине, бұл кітаптың бауырлас әзербайжан елінде шығуы - біздің қазақ халқы үшін, оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшін үлкен құрмет деп есептейміз», - деп атап өтті профессор Махмұд Қасымбеков.
Оның айтуынша, осыдан 5 жыл бұрын оқырманға жол тартқан кітап алғашында қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, қысқа мерзім ішінде ағылшын, неміс, араб, қытай, венгр, корей, серб тілдеріне аударылған.
«Енді кітаптың туыстас - әзербайжан тілінде жарық көруі арқылы оның сол елдің игілігіне айналғанына қуаныштымыз. Шынында да, кітаптың латын әліпбиінде басылып шығуының бір символдық мәні бар дер едім. Латын әліпбиіне көшеміз деп дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанда осы кітапты әзербайжан тілінде - латын әліпбиінде шығуы қуантады. Бұл нені білдіреді? Латын әліпбиіне көшу қазақ халқы үшін үлкен қиындық тудыра қоймайды. Себебі, көп әріптеріміз ұқсас. Латын әліпбиіндегі көптеген әріптер біздің тілдік ерекшеліктерімізге бейімделіп тұр», - дейді автор.
Махмұд Қасымбеков сонымен бірге, бұл кітаптың ерекшелігі - Елбасы туралы жазылған көптеген деректі туындылардың ішіндегі «ең шыншылы» екенін айтады.
«Себебі, Елбасының жанында ұзақ жылдар қызмет етіп жүріп, ол кісінің ерекшеліктерін, жұмысқа берілгендігін жақын жерден байқадым. Түрлі құжаттар мен фотосуреттер арқылы осы кітапты жазып шыққан болатынмын. Осы ретте кітапты әзербайжан тіліне аударуға мұрындық болған барлық азаматтарға алғысымды білдіргім келеді», - деп түйді Махмұд Қасымбеков.