Махмұд Сабырхан елордадағы әлем кубогының жартылай финалына шықты

Фото: Бокс федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM – Астана төрінде өтіп жатқан әлемдік доданың ширек финалында қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан филиппиндік былғары қолғап шебері Аорон Жуд Бадомен жұдырық түйістірді. 

Отандасымыз жартылай финалға жолдаманы қиындықсыз иеленді. Бұл кездесуде Филиппин өкілін төрт рет нокдаунға түсірген Махмұд өзінің қарсыласынан бір бас жоғары екенін көрсетті. Ал төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болды. 

Айта кетейік, әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Бұл олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін күндізгі сессияда өнер көрсеткен Серік Теміржановтың жапониялық боксшыға есе жібергенін жазған едік. Есесіне қос бұрымды боксшымыз Айдана Забынбекова мен Наталья Богданова жартылай финалға жолдама алды.