«Биліктің болмысын заманауи тұрғыда түсінудің өзі оның қоғам мен адамдарға бағытталғанын білдіреді. Тұңғыш Президентіміз адамның, оның білімі мен қабілеті еліміздің басты капиталы әрі құндылығы екенін үнемі айтып келеді. Қабылданған барлық бағдарламалар мен құжаттар, шын мәнінде, үйлесімді түрде дамыған тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Тек әлеуметтік бағыттағы мемлекет жоғары тұрмыс сапасын және адами капиталдың толықтай жүзеге асуын қамтамасыз ете алады. Сонымен бірге нарық жағдайында қоғамдағы масылдық пен патернализм белгілерінен арылып, әлеуметтік басымдықтарды белгілеу ісінде ақылға қонымды тепе-теңдікті табу қажет», - дейді М.Қасымбеков.
Оның атап өтуінше, еліміздің әлеуметтік саясаты осы қағидаттарды басшылыққа алу арқылы қалыптасты. Оның негізгі басымдықтары - сапалы медицина және білім беру саласы, өнімді жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек көрсету. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларында жүргізілген реформалар осыған қол жеткізуге мүмкіндік берді.
«2000-жылдардың басында денсаулық сақтау саласы реформаланды. Бұл медицинадағы басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруға жол ашып, мемлекеттік емес сектордың дамуын қамтамасыз етті, сондай-ақ озық емдеу орталықтарын салуға мүмкіндік берді.
Осы саланы одан әрі жетілдіру мақсатымен бірқатар бағдарламалық құжаттар мен заңдар қабылданды, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды.
Денсаулық сақтау саласы тұтастай жаңғырып, инфрақұрылымы жаңартылды, медициналық қызмет көрсету мен басқарудың әлемдік стандарттары енгізілді, заманауи медицина мамандары даярланды.
Денсаулық сақтау ісіне бөлінген қаражат мөлшері 1991 жылы 6 миллион теңгені құраса, 2017 жылы 1,2 триллион теңгеге жетті. Бұл жылдары Қазақстанда 219 аурухана, 1200-ге жуық емхана, амбулаториялар мен медицина орталықтары салынды.
Жаңа медициналық сервистік қызметтер, соның ішінде скрининг бағдарламасы, кардиологиялық қызмет көрсету жүйесі пайда болды. Еліміздің бүкіл өңірінде өз мамандарымыз зерттеулер жүргізіп, жоғары технологиялы отаның барлық түрін жасап келеді. Қазақстан озық медициналық кластер қалыптастырып, халықаралық медициналық туризмнің орталығына айналды.
Ең бастысы, тұрғындар денсаулығының көрсеткіші айтарлықтай жақсарды. Мәселен, елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылы 67,6 жас болса, 2018 жылы 72,5 жасқа жетті. Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының жетістігі демографиялық көрсеткіштің артуынан байқалады. Жыл сайын елімізде шамамен 400 мың бала өмірге келеді. Ана өлімінің деңгейі 5 есе, сәбилердің шетінеуі 3 есе азайды.
Тұңғыш Президентіміз бұл саланы үнемі назарда ұстағандықтан бүгінде елімізде денсаулық сақтаудың тиімді әрі сапалы жүйесі қалыптасты», - дейді ол.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Кеңсесі басшысының айтуынша, медицинамен қатар білім беру саласы мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі саналады.
«Шығыста «Білім - ең қымбат қазына. Өйткені оны ұрлап кету, жоғалтып алу, жойып жіберу мүмкін емес» деген қанатты сөз бар. Қазіргі таңда оның құндылығы еселеніп артып отыр. Білім деңгейі барша елдер мен континенттердің нақты даму индикаторы саналып, олардың ілгерілеуі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің перспективасын айқындайды.
Қазақстанда білім беру саласындағы реформалар оқытудың әлемдік стандарттарын енгізуге, мемлекеттік емес білім беру секторын қалыптастыруға, қажетті мамандарды мақсатты түрде даярлауға, ақпараттық технологиялар мен электронды оқыту үдерісінің элементтерін енгізуге бағытталған. Бірыңғай ұлттық тестілеудің енгізілуі барлық мектеп түлектері үшін жоғары оқу орындарына түсу кезінде тең мүмкіндікке ие болуына және оның ашық болуына жағдай туғызды. Қазақстан 2010 жылы білім саласында Болонья декларациясына қосылды. Нәтижесінде, жоғары оқу орындарында халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған үш сатылы «бакалавриат - магистратура - докторантура» моделі енгізілді.
Білім саласының инфрақұрылымдық базасы түбегейлі жақсарды. Тәуелсіздік жылдары білім саласында 2837 нысан бой көтерді, соның ішінде 888 балабақша және 1949 мектеп салынды.
Елбасы егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ еліміздің мамандарын білім берудің халықаралық стандарттары бойынша даярлаудың маңыздылығына баса мән берді. «Болашақ» бағдарламасы маңызды жетістіктердің біріне айналды. Соның аясында 1993 жылдан бері 13 мыңнан астам қазақстандық әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алды.
Назарбаев Университетті және Зияткерлік мектептердің желісін құру бәсекеге қабілетті заманауи білім беру жүйесін қалыптастырып, «білім экономикасы» үшін мамандар даярлау ісіндегі тағы бір қадам болды. Сонымен бірге техника саласы бойынша кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру шаралары қабылданды», - дейді автор.
Мақалада атап өтілгендей, бұл жұмыстардың барлығы елімізді дамытудың стратегиялық міндеттерін шешуге арналған маңызды зияткерлік ресурсты қалыптастырды. Тәуелсіздік жылдары жоғары білімді 2,8 миллион маман әзірленді. 1991 жылы жалпы 40 мыңнан астам адам жоғары білім алса, 2018 жылы олардың саны 150 мыңнан асты.
«1997 жылғы зейнетақы реформасы әлеуметтік қамсыздандыру саласының заманауи жүйесін құру ісіндегі маңызды шешім болды. Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып зейнетақының бөліп-тарату жүйесінен жинақтаушы жүйесіне көшті.
Әлеуметтік қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесін енгізу атаулы әлеуметтік саясатты күшейтуге септігін тигізді. Экономиканың одан әрі дамуы бюджет саласындағы жұмысшылардың жалақысын көбейтуге, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, он жыл ішінде, яғни 2005 жылдан 2015 жылға дейін, әлеуметтік салаға жұмсалған қаржы үш есе өсті. 1,5 миллионнан астам азаматымыз тұрақты түрде жәрдемақы мен төлемдер алды. Қазақстандықтарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, табысын арттыруға бағытталған шаралардың жаңа кешенін жүзеге асыру үшін қосымша 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінетін болады.
Демек Қазақстан осы жылдар ішінде әлеуметтік саясатын бірте-бірте күшейтіп, бұл салаға тартылған инвестиция көлемін арттыра түсті. 2006 - 2016 жылдар аралығында жүргізілген ауқымды баспана салу жұмыстарының нәтижесінде еліміздің тұрғын үй қоры 86,5 миллион шаршы метрге артты. 628 мыңнан астам отбасы немесе шамамен 1,8 миллион адам жаңа пәтерге қоныстанды. Бір адамға шаққандағы тұрғын жаймен қамту көлемі 1,5 есе көбейіп, 14,4 шаршы метрден 21,8 шаршы метрге жетті.
Егер 1991 жылы еліміздегі әрбір алтыншы отбасының ғана автокөлік алуға жағдайы болса, 2017 жылы әрбір екінші шаңырақ жеке көлік алуға қол жеткізді.
БҰҰ-ның бағалауы бойынша, бүгінде Қазақстан адами әлеуеті жоғары елдер тобына кіреді. Бұл Тұңғыш Президентіміз жүргізген әлеуметтік саясаттың табысты болғанын айғақтайды», - дейді ол.