Махмұт Сабырхан Астанадағы Elorda Cup турнирінің финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада өтіп жатқан бокстан «Elorda Cup» халықаралық турнирінің жартылай финалында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде боксшы Махмұд Сабырхан Серік Теміржановтан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz порталына сілтеме жасап.

Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

«Қазақстандық Ломаченко» деген атпен танылған 2023 жылғы әлем чемпионы Махмұд Сабырхан рингте 2021 жылғы әлем чемпионатының және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановпен кездесті. Қайта-қайта соққы алмасып, қарқынды өткен жекпе-жекте Махмұд Сабырхан 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Бұған дейін бокстан Қазақстан құрамасының тағы бір көшбасшысы Сәкен Бибосынов (51 кг) финалға жолдама алған болатын.

«Елорда кубогінің» финал ойындары 2 шілде күні өтеді.