«Мақаттағы масқара, үлгі болмасын басқаға» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Қазір ғалымдар қазақ жерінің құнары жайлы жиі сөз етеді. өкініштісі, көңілді алаң ететін жайттар баршылық. Тіпті бүгінгі күні қолға алмасақ, болашақта бас шайқайтын, бармақ тістейтін жағдайлар да жеткілікті. Ұланғайыр даланың барлық бөлігі түгін тартсаң, майы шығатын өңір емес. Суармалы егіншілікпен айналысатын аймақтар бар. Ендеше сол жерлердің құнары кеміп бара жатқанына бүгін бей-жай қарап отыруға негіз жоқ», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Сыр өңірі тұз өңіріне айналып барады» деген тақырыптағы бас мақаласында. Басылымның атап өтуінше, 90-шы жалдардың басында елімізде суармалы жерлердің аумағы 2 млн. гектардан астамды құраған. Ал сол алқаптар жекенің қолына өткеннен кейін құнарсызданып барады. Әсіресе мұндай көрініс республиканың Оңтүстігі мен Батысына тән болып тұр.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА сахна тілі кафедрасының меңгерушісі академик Дариға Тұранқұловамен арадағы сұхбат «Қазіргі жастар өнерді бағаламастан, оңай танылудың жолын тауып алған» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері: «Ана тіліміздің асқақтауына қалың жұртшылық атсалысса екен. Зиялы қауым тіл өнерін сыртқа теппей, сөйлеудің мәдениетін ұғынатын болса, өскелең ұрпаққа сол үлгі. Ата-баба қалдырған өсиет өшіп қалмай, өне берсе қазақтың мәртебесі өсіп, биіктен көрінері анық. Қазақ жерінде ұлтты сүйгіш ұлдарды дүниеге әкелетін асыл аналарды тәрбиелейік», - дейді.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Атырау аймағындағы ірі жобаларды жүзеге асырушы шетелдік компаниялар тарапынан шетелден «аса мұқтаж мамандарды» толассыз әкелу дерегі жиі қайталанып отыр. бұрындары ағаш сүрлеушіні әкеліп, қазақстандық жұмысшыларды кемсіткен шетелдік мердігер компаниялар бүгіндері қойма меңгеруші қызметіне де адамды шетелден асырып әкелуді дағдыға айналдырған. Осы жайт арқау болған мақала «Мақаттағы масқара, үлгі болмасын басқаға» деген тақырыппен берілген.
Бүгінгі таңда діни экстремизм - Батыс пен Шығыстың үлкенді-кішілі елдерінің басты мәселесі. Алайда, әр елдің қоғамында өзіндік ерекшеліктер бар. Қазақстандығы діни экстремизмнің шынайы келбеті қандай? Оның түп-тамыры қайда жатыр және онымен күресу жолдары қандай? Міне осы және басқа да «Астана ақшамы» газетінің сауалдарына ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф егжей-тегжейлі жауап берген. «Бір жағынан алып қарағанда, діни негізі бар, сақал мен жамылғы мәселесі - әркімнің жеке шаруасы. Айтпақшы, бұл тек исламға ғана тән ерекшелік емес. біз сақалды православ христиан мен басын бүркеген христиан әйелдерін де кездестіре аламыз. осы себепті де сақал мен киімді нақты бір құбылыстың белгісі деуге болмайды», - дейді.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қызылорда облысы, Шиелі ауданының бір топ ардагерлерінен хат келді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, ардагерлер өз хатында Елбасының тапсырмасына сәйкес Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобалардың іске асырылуы еліміздің экономикалық өркендеуін жаңа деңгейге көтергенін атап өткен. «Өйткені, бұл бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етіп отыр. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекет шетелдік ірі компаниялар мен отандық бизнес өкілдеріне мүмкіндігінше қолдау көрсетіп, шағын және орта бизнес саласының қарқынды дамуына жағдай жасап келеді. Мысалы, 2008 жылдың қаңтар айында Жезқазған қаласында өткен «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру» жөніндегі форумда Мемлекет басшысы бизнестің әлеуметтік салаға қаржы бөліп, оның дамуына үлес қосатын кез келгенін айтқан еді. Президенттің осы бастамасы бүгінгі күні өз жемісін беріп, бизнес өкілдері тарапынан кеңінен қолдау тауып отыр», деп жазады хат иелері.
***
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Директорлар кеңесі ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін «ҚазТрансОйл» акцияларының бағасын, санын және орналастыру құрылымын бекітеді. Бұл туралы «Казахстанская правда» газетіне сұхбат берген аталған қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім еткен. «ҚазТрансойл» АҚ акцияларын орналастыру 2012 жылдың қарашасына жоспарланып отыр. қазіргі уақытта компания консультанттары «ҚазТрансОйл» АҚ акционерлік капиталының 100 пайыз құнына сараптаманы жаңартты. Компания акцияларының құны, саны және орналастыру құрылымы 2012 жылдың қазан айының соңында қордың Директорлар кеңесімен бекітіледі деп күтілуде», - депті Ө.Шөкеев.