Конференцияға 16 елдің, атап айтқанда Астана хабының қатысушы елдері - Әзербайжан, Армения, Беларусь, Босния және Герцеговина, Грузия, Македония, Қазақстан, Қырғызстан, Польша, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Черногория, сондай-ақ Албания, Косово және Сербияның мемлекеттік қызметкерлері, сарапшылары мен ғалымдары қатысты.
«Конференция Астана хабының қатысушы елдерімен әріптестікті кеңейтуге тамаша мүмкіндік берді. Біз хабты мемлекеттік қызмет саласындағы серіктестікті нығайтуға және тәжірибе алмасуға қосқан үлесі үшін нәтижелі алаң ретінде жоғары бағалаймыз», деді Македония Республикасының Ақпараттық қоғам және әкімшілік министрі Дамян Манчевски шараны аша отырып.
Өз кезегінде Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов осы саладағы әріптестіктің маңызын атап өтті.
«Бүгінгі жаһандану және жаңа технологиялар дамыған кезеңде азаматтардың мемлекеттік қызметтердің сапасына қойылатын талаптары үздіксіз өсуде. Әріптестікті дамыту мемлекеттік басқару саласындағы ең озық тәжірибелерді анықтауға және туындаған қиындықтарды шешуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, әріптестік тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің негізгі факторы болып табылады», - деді Ә.Байменов.
Конференцияда сондай-ақ Сербия мен Косово елдерінің мемлекеттік басқару министрлері Бранко Рузик пен Махир Ягкилер, Батыс Балкан аймақтық мемлекеттік басқару мектебінің (ReSPA) директоры Ратка Секулович, ЭЫДҰ-ның өкілі Мирослава Борыска және мемлекеттік қызмет саласындағы академиялар мен мемлекеттік органдардың басшылары сөз сөйледі.
Қатысушылар әріптестік, сондай-ақ мемлекеттік қызметті дамытудағы жаһандық және аймақтық үрдістерді ескеру мәселелерін, әр елге өз мемлекеттік жүйелерін дамытуда қолайлы шешімдерді табуға көмектесетінін атап өтті.