Македонияда елдің атын өзгерту үшін референдум өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Македонияда елдің атын өзгерту туралы референдумда дауыс беру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС-қа сілтеме жасап.

Македония Республикасының атын өзгерту туралы Грекиямен жасалған үкіметаралық келісім бойынша, референдумда дауыс беру бүкіл ел бойынша жексенбі күні басталды. Дауыс беру учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылып, 19:00-ге дейін жұмыс істейді. 

Республикадағы 2 млн адамның 1,8 миллионы дауыс беру құқығына ие. Референдумның қорытынды нәтижесі дауыс беру аяқталғаннан кейін 24 сағаттың ішінде белгілі болады. 

Бұл референдум Грекияның солтүстігіндегі облыспен аттас бұрынғы югославиялық республиканың аты бойынша Афины мен Скопье арасындағы 27 жылдық дауды реттеу үшін шақырылды. 

Македония мен Грекия СІМ басшылары 17 маусымда екі елдің шекарасында орналасқан Преспа өзенінің жағасында кездесіп, бұрынғы югославиялық мемлекеттің атын өзгерту туралы келісімге қол қойды. Оған сәйкес, «Солтүстік Македония Республикасы» атауы қолданылмақ.