Макроэкономика бүгінгіден де тұрақты болуы үшін жаңа валюта қажет - ҚР Президенті
11:51, 01 Шілде 2010
;АСТАНА. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Әлемнің жаңа қаржы сәулетін жасайтын уақыт жетті. Оның негізі қаржы нарықтарын жаһандық деңгейде бақылау мен реттеу шарасы болуы тиіс.
Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан ІІІ Астана экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Мен жаһандық экономика үшін жаһандық валюта қажеттігі жөніндегі ұстанымымнан айныған емеспін. Астаналық экономикалық форумның келесі отырысы осы мәселеге арналса жақсы болар еді. Әлемде экономика, қаржы жағдайын қозғаған бүгінгідей үлкен жиындар көптеп ұйымдастырылуда. Алайда, олардың бірінде де дағдарыстың салдары неден болды, оның түпкі негізі неде? - деген мәселе төңірегінде пікір таластырмаппыз. Ал мұның түр-төркінін анықтап алмасақ, біз бұл қателікпен әлі сан мәрте жолығатын боламыз», деді Елбасы.
Президент өз сөзінде бүгінгіден де тұрақты макроэкономика қалыптастыру үшін жаңа валюта қажеттігін атап көрсетті.