Макрон ЕО елдерін Францияның ядролық тежеу күштерімен қорғамақ
АСТАНА. KAZINFORM – Франция Еуропалық Одақ елдерімен өздерінің ядролық арсеналдары арқылы еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде диалогты бастауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.
Бұл туралы Франция президенті Эмманюэль Макрон Елисей сарайының Х әлеуметтік желісінде жарияланған елдің әскери азаматтарына үндеуінде мәлім етті.
- Ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша еліміздің ядролық тежеу күшінің рөлін толыққанды бағалау үшін мен қарулы күштер министрі мен ҚК Бас штабының бастығына осы іске дайын еуропалық серіктестермен диалогты бастауды тапсырдым. Мен бұл тақырыпты қандай жетістікке жеткенімізді нақтырақ баяндау үшін жылдың соңында тағы көтеретін боламын, - деді Франция көшбасшысы.
Ол ядролық тежеу күштерін үйлестіру туралы Франция мен Ұлыбритания арасында жасалған келісімді еске салды, сондай-ақ тамызда өтетін франция-германия қорғаныс кеңесінің бірлескен шешімдерімен таныстырды.
- Екі-үш күннен соң Германия мен Ұлыбританияның кездесуі жоспарланған. Тамыз айында германиялық серіктестермен қорғаныс пен қауіпсіздік жөніндегі франция-германия кеңесінде жүздесеміз. Онда бізге жаңа шешімдер қабылдау қажет болады, - деп толықтырды Макрон.
Франция басшысы наурыз айында Еуропа елдерін Францияның ядролық тежеу күштерінің қорғауына алу туралы одақтастармен пікірталасты бастайтынын мәлімдеген болатын.
Осыған дейін Франция президентінің саяси партия көшбасшыларымен әлемдегі жағдайды талқылайтыны туралы жаздық.