Макрон ЕО көшбасшыларының саммитіне қатыспай, Майотта аралына барады

АСТАНА.KAZINFORM  - Франция президенті 19 желтоқсанда Брюссельде өтетін Еуроодақ басшыларының саммитіне қатыспайды.

Фото: 123RF/gintsivuskansphoto

Француз билігі Үнді мұхитындағы француз аралында жойқын циклоннан бірнеше мың адам қаза болуы мүмкін деп қауіптенеді.

Politico газеті Эммануэль Макронның сенбі күні инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіріп, адам өліміне әкелген тропикалық «Чидо» циклоны болған апат аймағына баруды ұйғарғанын жазды.

Сейсенбі күнгі ресми мәлімет бойынша қаза тапқандар саны 22 және жараланғандар 1373-ке жетті. Алайда жергілікті билік қаза тапқандар саны бірнеше мыңға жетуі мүмкін екенін ескертті.

Алайда француз көшбасшысы сәрсенбі күні кешке Брюссельде өтетін ЕО-Батыс Балқан саммитіне қатысады.

Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен Майотта тұрғындарымен ынтымақтастығын білдірді және көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Майотта қазір су, азық-түлік және отын тапшылығына тап болып отыр.

Эммануэль Макрон ұлттық аза тұту күнін жариялады.