Макрон: Франция Таяу Шығысқа онға жуық әскери кеме жіберуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Франция Таяу Шығыстағы одақтастарын қолдау мақсатында шамамен онға жуық әскери-теңіз кемесін, соның ішінде ұшақ тасығыш кемелер тобын Жерорта теңізіне, Қызыл теңізге және қажет болған жағдайда Ормуз бұғазына жіберуі мүмкін. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон мәлімдеді, деп жазды Reuters агенттігі.

Фото: Anadolu

Макрон Кипрге сапары барысында, демалыс күндері шығыс Жерорта теңізіне келген «Шарль де Голль» ұшақ тасығыш кемесіне барар алдында сөз сөйлеп, өткен аптада аралға бағытталған ұшқышсыз ұшу аппараттары ұсталғаннан кейін кипрлік әріптесін тыныштандыруға тырысты.

Пафос қаласында Кипр президенті Никос Христодулидис және Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен кездесуден кейін Макрон:

– Кипрге жасалған кез келген шабуыл Еуропаға жасалған шабуыл болып саналады, — деп мәлімдеді.

АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс күшейіп, оған Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері де тартылып, ал Иран қолдайтын «Хезболла» қарулы тобы Израильге шабуыл жасағаннан кейін Ливан да соғыс аймағына айналды. Соған қарамастан, еуропалық мемлекеттер бұл қақтығыстан негізінен сырт қалып отыр.

Алайда Таяу Шығыстағы теңіз жолдарының қауіпсіздігіне байланысты қиындықтар мен мұнай бағасының бір баррелі 100 доллардан асып кетуі Еуропа елдерінің өз мүдделерін қалай қорғау керектігі туралы мәселені күн тәртібіне шығарды.

Макронның айтуынша, Францияның мақсаты — қатаң түрде қорғаныс позициясын ұстану және Иран тарапынан қысымға ұшыраған елдерді қолдау арқылы өңірдегі шиеленісті азайтуға ықпал ету.

– Біздің мақсатымыз — қатаң түрде қорғаныс позициясын сақтау. Иранның әрекеттеріне жауап ретінде қысым көрген барлық елдерді қолдай отырып, олардың беделін нығайтуға және өңірдегі шиеленісті бәсеңдетуге көмектесу. Түпкі мақсатымыз — кеме қатынасының еркіндігін және теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, — деді Макрон.

Оның айтуынша, бұл жоспардың бір бөлігі ретінде Ормуз бұғазында коммерциялық кемелерді қорғау шаралары да қарастырылып жатыр.

– Қазіргі уақытта біз тек қорғаныс сипатындағы және тек эскорттық миссия құру бағытындағы жорықты жоспарлап отырмыз. Бұл миссия еуропалық және еуропалық емес мемлекеттермен бірлесіп дайындалуы тиіс. Оның мақсаты — қақтығыстың ең қарқынды кезеңі аяқталғаннан кейін мүмкіндігінше тезірек контейнер тасымалдайтын кемелер мен мұнай танкерлерін қорғаштап, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын біртіндеп қайта жандандыру, — деді Макрон.

Дегенмен ол бұл жоспарға егжей-тегжейлі тоқталған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысында қанша адам қаза тапқанын жаздық.