Макрон: Жаңа Каледония Франция құрамындағы жаңа мемлекетке айналады

Фото: Anadolu

ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция президенті Эмманюэль Макрон елдің қашықтағы аумағы саналатын Жаңа Каледония Франция құрамында жаңа мәртебеге ие «мемлекетке» айналатынын мәлімдеді, деп жазды ТАСС агенттігі.

— Он күннен астам келіссөздерден кейін Жаңа Каледония мен Франция өкілдері тарихи келісімге қол қойды. Республика құрамындағы Жаңа Каледония мемлекеті — бұл өзара сенімге негізделген шешім, — деп жазды Макрон X әлеуметтік желісінде.

Les Nouvelles Calédoniennes порталының хабарлауынша, 12 шілдеде Парижде Жаңа Каледония делегациясы мен Франция үкіметінің өкілдері аталған аумақтың болашақ институционалдық құрылымы жөніндегі келісімге қол қойды.

Порталдың мәліметінше, келісім Жаңа Каледонияға «тұрақты» мәртебе беруді, сондай-ақ келесі тармақтарды қамтиды:

  • Франция Конституциясына арнайы заң енгізу;

  • Жаңа каледондық азаматтық ұғымын қалыптастыру (француз азаматтығымен ажырамас байланыста);

  • Сайлаушылар құрамын кеңейту;

  • Жергілікті парламент мүшелерінің құрамын өзгерту;

  • Салық салу мен халықаралық қатынастар саласында өкілеттіктер беру.

Референдум өткізілмейді, ал провинциялық сайлаулар 2026 жылдың мамыр-маусым айларында өтуі мүмкін.

Politico басылымының хабарлауынша, келісімге Францияның Жаңа Каледонияның экономикалық дамуына қолдау көрсету міндеттемесі де кіреді. Бұл құжат Жаңа Каледония халқы мен Франция парламентінің дауыс беруіне ұсынылады.

Францияның премьер-министрі Франсуа Байру да бұл келісімді «тарихи» деп атап, оның аясында Жаңа Каледония Францияның ұлттық құрылымындағы конституциялық деңгейде бекітілген мемлекет ретінде танылғанын айтты.

Жаңа Каледониядағы дағдарыс

2024 жылдың 13 мамырында Жаңа Каледонияның әкімшілік орталығы Нумеа қаласында француз үкіметінің жергілікті сайлау туралы заң жобасына қарсы наразылықтар тәртіпсіздіктерге ұласты. Қатысушылардың арасында кәмелетке толмағандар да көп болған. Олар дүкендерді, дәріханаларды және жанармай бекеттерін тонап, өртеген. Билік жүздеген адамның жараланғанын, сондай-ақ 13 адамның қаза тапқанын, оның ішінде екі жандарм қызметкері бар екенін хабарлады.

Наразылыққа түрткі болған заң жобасында Жаңа Каледонияда 10 жылдан аса тұрып жатқан азаматтарға өңірлік сайлауларда дауыс беру құқығын беру көзделген. Бұған дейін бұл құқық тек 1998 жылғы Нумеа келісімі бойынша тіркелген азаматтар мен олардың ұрпақтарына ғана берілетін. Бұл өзгерістерге қарсы шыққан жергілікті канаки халқы (арал халқының 41,2%) бұл шешім өздерінің саяси ықпалын әлсіретеді деп санайды.

2024 жылдың қазан айында Францияның сол кездегі премьер-министрі Мишель Барнье дау тудырған заң жобасы парламенттің қос палатасына енгізілмейтінін мәлімдеген болатын.

Бұған дейін хабарланғандай, Францияда саябақ, аялдама және басқа да жерлерде темекі шегуге тыйым салынады.