Дәл осы олимпиада ойындары жер жаһандағы мемлекеттердің өзін «күнделікті күйбең тірлішікті» бір сәт ұмыттырып, біршама сергітіп тастады десек те болатындай. Әлбетте, әлемдік дамуда дәл осы кезеңде спорттан басқа дүние бір сәтке ұмыт қалатындай көрінеді. Дегенмен, миллиардтардың аузында тек қана олимпиада болып, халықтардың көңілі олимпиадаға ауған тұс шынымен кез-келген мемлекет үшін терең тыныстау кезеңі іспеттес. Өйткені, тіпті күніне жүздеген жанның өмірін қиып жатқан Сириядағы алапат қақтығыстар да, Еуропаның өзін алқымынан алып отырған дағдарыстың дақпырты, әне-міне ушығады деп әлем болып алаңдайтын «Иран-Израиль мәселесі» де олимпиада сенсацияларының тасасында қалды. Әлемдік ақпарат құралдары дәл осы күндері спортшылардың жетістігін жарыса жазды. Әрине, 12 тамыздан соң тағы біршама уақыт бойы әлемдік дода туралы талмай айтылуы мүмкін, сосын спорттағы сарын бәсеңсіп барып, әлем елдері өздерінің күн тәртібіндегі күйбеңіне қайта кірісері анық. Ал бұл шақта спортшыл қауым ендігі 4 жылдан соң күтілетін олимпиадаға дайындыққа кірісе берері де даусыз.
Әйткенімен, төрт жылда бір айналып соғатын осынау дода әлем елдерінің спорт саласындағы даму деңгейіне қорытынды шығарып берері хақ. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстанның Лондон олимпиадасына барған ұлттық құрамасы өз халқын ғана қуанышқа бөлеп қоймай, спорт сүйер қауымның баршасын тәнті етті десек артық айтқандық емес. «Лондон төрінде ең кемі үш алтын алсақ жарар еді» деп аттанған Қазақстан ұлттық құрамасы айды аспаннан бір-ақ шығарды демеске лаж жоқ. Өйткені біздің толағайлардың бұндай ғаламат жеңісі тәуелсіз Қазақстанның тарихында бұрын-соңды болмағаны анық. Тұманды Альбион аспанында алаштың Әнұраны алты мәрте айтылып, Көк Туымыз бәрінен биікте желбіреді.
Бұл жолы Олимпиада алауы тұтанған күні-ақ Қазақстанның қоржынына алтын салған Александр Винокуровтың жолы жеңіл, спортшыларға жұғысты болды. Александрдың алтынынан кейін зілтемірші бойжеткендер Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедовалар жалғап, артынша алаш жұртының үкілеген үмітін Илья Ильин ақтап, ел тарихындағы екі дүркін чемпиондық мәртебесін асқақтатты. Өскемендік Ольга Рыпакова секіруден ешкімге дес бермей, алтыншы медальға арқау болды. Бәрі де айқын, бәрі де жарқын жеңістерімен ерекшеленді. Әсіресе, ауыр атлетикадан Қытай елінен кейінгі жалпыкомандалық екінші орынға көтерілген қазақстандық зілтеміршілерің сағын ешкім сындыра алған жоқ. Қызылордалық Ильиннің ғаламатына таңданбаған жан қалмады. Қыраны қалықтаған туымыз түстес жейдемен жарыс алаңына шыққан Илья әлемде теңдессіз күш иесі екенін осы жолы тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Ол бірнеше жылдар бойы зілтемірмен бағынбай келген әлем рекордын күл-талқан етті. Ал қазақстандық атлеттің осы жолғы серпе көтеруден 233 келі салмақты бағындырып, олимпиадамен қатар әлем рекордын бұзуы әлемдік спорт тарихына енетін болады. Ильяның бұл рекордын енді кім бұзар! Оны бір ғана Алла біледі! Дегенмен, сол кездегі қызылордалық спортшымен қатар сынға түскен кіл мықтының беталысына қарап, жерлесіміздің рекорды жақын аралықта мызғымайтынына да көзіміз жететіндей. Бұзса, Ильяның өзі бұзар!
Алтынмен апталған қазақстандық олимпиада қоржынындағы Ольга Рыпакованың еншісі де елден ерек болғаны рас. Үш қарғып секіру бағдарламасында 14,98 метрге бір-ақ аттаған Ольга Рыпакова қарсыластарын шаң қаптырды. Өскемендік жерлесіміз қазақ елінің арманын асқақтатты. Өйткені, бұған дейін тек зілтеміршілерді, палуандарымыз бен боксшыларымызды тағатсыздана күтетін қазақстандық жанкүйерлердің басым бөлігі ендігәрі спорттың бар түрінен қандастырымызды іздейтін болып жатты. «Шындығында біз бұл алтынды 12 жыл сарыла күттік. 2000 жылы Сидней додасында Ольга Шишигина алтын алғаннан кейін оның жетістігін қайталауға қабілеті зор атлеттеріміз көп болды. Бірақ ешқайсысының басына қонбаған бақ Рыпакованы тапты. Енді Қазақстан жеңіл атлетикасында қайта өрлеу кезеңінің басталатынына үмітім мол», - деді Лондондағы қазақ ауылында журналистерге арналған баспасөз мәслихатында ұлттық құраманың бас бапкері Вячеслав Сокирко. Алтыннан бөлек Қазақстан қоржынында 3 қола да бар. Бұл еліміздің намысын жыртқан айтулы спортшылар: грек-рим күресінен Даниял Гаджиевке, 75 келі салмақ санатында қолғап түйістірген Марина Вольноваға, еркін күрестен кілемде белдескен 72 келі салмақтағы палуан қызымыз Гузель Манюроваға тиесілі.
Сөйтіп, «Лондоннан кемінде үш алтын алсақ» деп аттанған қазақстандық құраманың ендігі межесі кемінде 7 алтын. Сол арқылы жалпыкомандалық есепте әлемнің үздік ондығынан көріну. Басты үміт бүгін, ертең аренаға шығатын палуандарымыз бен былғары қолғап шеберлерінде. Жаһандық жарыстың 12-і күніндегі жағдай бойынша 6 алтын 3 қола медалімен 11 орында тұр. Бұл барша алаш жұртының абыройын асқақтатқан аламан болғаны рас. Арқалы ақындарымыздың өзі тау көтерген толағайлар құрметіне арнап жыр шығара жарысып жатқанын естідік. Ендеше, сөзді ақын Маралтай Райымбектің өлеңімен қорытсақ: Алға! Алға!!!
Арда туған нарларым.
Ақтау үшін
Алашымның арманын.
Мен тұрайын
Жанарымнан жас парлап,
Көк байрағым
Көтерілсе асқарлап.
Ұл-қыздарым үмітімді үкілеп,
Әнұраным
Қайта-қайта аспандап.
Өрлігіңе, ерлігіңе ел сенсін,
Сенім күші
Намысыңмен өлшенсін!
...- Нұр-қағанның нояндары келді, - деп,
Ұлы Лондон
Тағы да бір теңселсін!!!»...
* * *
Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда солтүстік өңірлерді дамыту мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Ақмола облысының әкімі Қайрат Қожамжаров, Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов, Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов қатысты.
Тоқтала кететін жайт, биылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығы саласы үшін күрделі саналып, біршама қиындыққа ұрындырғалы отыр. Ауа райының қуаңшылығы елімізде ғана емес, АҚШ, Канада, Ресей және Украина сияқты ірі астық өсіретін елдердің аумағын да қамтып, соның салдары әлемдік азық-түлік нарығына да әсер етіп жатқаны белгілі. Бұл, әрине, астық түсіміне ықпал, екінші жағынан, астықтың экспорттық бағасының арта түсуіне әсер етеді. Мысалы, баға тоннасына 120-160 долларға өсті. Кеңес барысында осы мәселеге барынша назар аударған Елбасы «қиын кезеңде ауыл шаруашылық жұмыскерлері табыстарын жоғалтып алмаулары керектігін» айтты. Сонымен қатар, кеңес барысында жиын-терім науқанына жан-жақты қамдану жайы талқыға түсті.
Мемлекет басшысы тек соңғы бес жылда еліміздің астық өсіретін негізгі үш өңіріне субсидия түрінде 60 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Президенттің айтуынша, осы жылдары 60-қа жуық түрлі жоба жүзеге асырылып, лизинг арқылы 3 мың бірлік ауыл шаруашылық техникасы сатып алынған. Асыл тұқымды 16 мың бас ірі қара мал сатып алынды. Бүгінде ауыл шаруашылығында жалпы өнім деңгейі жан басына шаққанда 4,6 мың долларға жетті, сөйтіп 2,3 есе өсімді құрады. «Барлық бөлінген қаражат салаға жұмыс жасауы керек. Жаңа технологияны енгізіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділік деңгейін арттырып, әр гектардан алатын түсім көлемін ұлғайту керек. Осының барлығын талқылап, қажетті іс-қимылды әзірлеу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес барысында Ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімдері баяндама жасап, өңірлерде қалыптасқан ахуал жайын әңгімеге арқау етті. Ал басшылар баяндамасын тыңдап болған соң Елбасы Қазақстанда әлемдік өндірушілер жасаған ауыл шаруашылық техникасын жинау пунктін құру қажеттігі туралы пікірін айтты.
«Үш облыста мыңнан астам кәсіпорынның тек үштен бірі жұмыс істеп тұр. Біз оларды не үшін құрдық? Үкімет әкімдермен бірлесіп олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет. Өткен жылы мен астықтың бір жарым жылдық қорын дайындауға тапсырма бердім. Ол қамтамасыз етілсе, еш проблема болмайды. Қолайсыз жерлердегі шөпті шауып, сабан әзірлеп, соның ішінде өзі үшін азық дайындап, ірі азық қорын жасау үшін мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Бүгінде Ақмола облысында қажеттіліктен аз мөлшерде, яғни пішеннің бар болғаны 64 пайызы, Павлодар облысында 67 пайызы дайындалған. Әкімдерге осы жағдайға тағы талдау жасап, қажетті шара қабылдауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, солтүстік облыстарда ірі астық компанияларымен жұмысты жолға қою мәселелері де сөз болды. «Мұндай компанияларда жұмыскерлер жылдың тек 5-6 айында ғана еңбек етеді. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында орташа еңбекақы өңірлердегі ең төменгі деңгейде - 56 мың теңге. Бұл мәселе жан-жақты талдау жасауды және шара қабылдауды қажет етеді. Облыста ауыл шаруашылық өнімдеріне еңбекақы төлеу үлесі 2011 жылы 30 пайыз рентабельдіктің бар болғаны 5 пайызын құрады. «Жұмыспен қамту-2020», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары бойынша ауылға мамандар тарту үшін елеулі қаражат бөлінуде. Жеке меншік компаниялар ауылға мамандар жетіспейтіні туралы айтады, ал өздері тиісті еңбекақы төлемейді. Бұл мәселемен тек мемлекет айналысуда. Бұл жұмысқа бизнестің де араласуы қажет», - деп атап өтті Президент.
Кеңестің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы берілген тапсырмаларды қатаң бақылау алуды және оларды іске асыруды қадағалап отыруды тапсырды.