Мақсат Үсенов «Эйр Астананың» «сұр тізіміне» енгізілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мақсат Үсенов  «Эйр Астана» компаниясының «сұр тізіміне» енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда ұлттық әуетасымалдаушы компанияның президенті Питер Фостердің төрағалығымен «Эйр Астана» авиакомпаниясының Ұшулар қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің отырысы өтті. Жиында Мақсат Үсеновтің 2017 жылдың 4 маусымындағы ұшақ бортындағы бұзақы əрекеті талқыланды.

Айта кету керек, Мақсат Үсенов Алматы-Бангкок рейсінде біраз мінез көрсеткен болатын. Ол бортсеріктің талаптарын орындамай, əн айтып қасындағыларға біраз ыңғайсыздықтар туғызды. Экипаж мүшелері инструкцияға сəйкес оны Бангкок полициясына тапсырды.

«Бортта азамат Үсеновті қоса алғанда 70 жолаушы болды. Ұшу барысында ол әуе кемесінде болу ережесін бірнеше мәрте бұзды. Осыған байланысты әуе компаниясының экипажы барлық процедураларға сәйкес жолаушыны жергілікті уақыт бойынша 8-30-да Бангкок әуежайына қонғаннан кейін Тайланд полициясына табыстады. «Эйр Астана» әуе кемесінде болу ережесін бұзу, бортта темекі шегуге жол берілмейді. Өйткені ол ұшу қауіпсіздігіне кедергі келтіріп, өзге жолаушылардың жайсыздық тудырады», - деп мәлім еткен болатын әуе компаниядан .

Ал Павел Коктышев есімді азамат Фейсбуктегі өзінің парақшасына осы келеңсіз оқиға жайында жазып, видеоларды да жариялаған болатын. «Үсенов ұшу барысында өзін дөрекі ұстап, көршілерінің мазасын алуға тырысты. Алдымен стюардессадан темекі шегуге рұқсат сұрап, оған тіпті 200 доллар да ұсынды. Соңында темекі шеккен де сияқты. Өйткені, стюардессалар акті жасады», - деп жазды ол.

Кейін Бангкок полициясы Мақсат Үсеновті босатты. Себебі ол Вьетнамға бара жатқан, ал Бангкокқа транзитпен соққан.

«Қазақстандық дипломаттарға Таиланд астанасы құқық қорғау органдарының өкілдері азамат Үсеновке қатысты тексеру жүргізілгендігін хабарлады. Оның Бангкокқа Вьетнамға бара жатқан жолда транзитпен келгені анықталды», - деп жазған болатын ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі өзінің парақшасында.

«Азамат Үсеновтің тарабынан тәртіпті және экипаж талаптарын сақтауға уәде берілгеннен кейін вьетнамдық әуе компаниясы оны бортқа алуға келісті. Осы жағдайды ескере отырып Бангкок әуежайының полициясы бұзақыны тәртіптік жазаға тарту үшін тұтқынға алған жоқ. Осыдан кейін азамат Үсенов жергілікті уақыт бойынша сағат 11-20-да Банкгоктен Хошиминге ұшып кетті», - деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі. 

Осы жайттар, ескеріліп, Мақсат Үсенов ұшу қауіпсіздігіне қатер келтіретін жолаушы ретінде «Эйр Астананың» тəртіпсіз жолаушылар тіркелетін «сұр тізіміне» ілінді.

Үсенов қайтар жолда мұндай бассыздықты қайталаған жағдайда «деструктивті жолаушылар тізіміне» енетіні жəне ұшуға мүлдем рұқсат етілмейтіні туралы ескертілді.