Мақсатым - Рио-де-Жанейрода Олимпиада чемпионы атану - дзюдошы Е.Ісметов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мақсатым -Рио-де-Жанейрода Олимпиада чемпионы атану. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен 17-ші Азия ойындарының қорытындысына арналған брифингте Азиада чемпионы Елдос Ісметов осылай мәлім етті.

«Ең бірінші кезекте жан-жақты қолдау білдірген халқыма шексіз алғысымды білдіргім келеді. Бұл жарыс өте маңызды болды және мен үшін Азиада ойындарында жеңіске жету зор жетістік деп білемін. Осы жолғы жетістігімді Рио-де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарында қайталағым келеді», - деді Е.Ісметов.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық дзюдошы Елдос Ісметов Инчхонда өткен 17-ші Азия ойындарында жеңіске жеткен болатын. 60 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан ол ақтық белдесуде Моңғолия спортшысы Болдбаатар Ганбатты жеңген еді.