Максим Раков Парижде «Үлкен дулыға» турниріне қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дзюдодан 2009 жылғы әлем чемпионы Максим Раков Парижде өтетін «Үлкен дулыға» турнирлік сериясына қатысады. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясының ресми сайтында хабарланды.

Раковтан бөлек, ел намысын қорғауға 2013 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов (66 келі), «Әлем шеберлері-2012» турнирінің жеңімпазы Сергей Лим (66 келі), Елдос Сметов, Асхат Телманов, Ғабит Есімбетов (барлығы 60 келіге дейінгі салмақтар), Жансай Смағұлов (66 келі), Ертуған Төренов ( 73 келі) аттанады.

Сонымен қатар әйелдер құрамасы атынан татамиге Александра Подрядова, Айгүл Байкулева (48 келі), Мариан Ордабаева (63 келі), Динара Кударова (70 келі) мен Альбина Амангелдиева (78 келі) шығады. Париждегі турнир 5-13 ақпан аралығында өтеді.