Мемлекет басшысы қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесулерін жалғастыру, өңірлік қауіпсіздік жөніндегі қабылданған құжаттарды нақты іске асыру, жасанды интеллект саласында серіктестік орнату және трансшекаралық су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы байланыстарды экономика мен көлік салаларымен шектемей, технология, су қауіпсіздігі және ақпараттық кеңістік бағыттарында дамыту ұсынылды.
Бұл бастамалардың өңірлік саясат үшін маңызын Құрылтай депутаты Максим Рожин талдап, Орталық Азиядағы қауіпсіздік архитектурасының өзгеруі, институционалдық тетіктердің күшеюі және қабылданған шешімдерді нақты нәтижелерге бағыттау мәселелері жөнінде пікір білдірді.
— Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық тұрақсыздық жағдайында Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауды негізгі міндеттердің бірі деп атады. Бүгінгі жағдайда аймақ елдерінің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылы қандай жаңа деңгейге көтерілуі қажет деп ойлайсыз?
— Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылы ақпарат алмасу мен консультациялар деңгейінен нақты үйлестірілген, превентивті қауіпсіздік жүйесіне көтерілу қажеттілігі сезіледі.
Осы орайда ең маңызды мәселе — Президенттің бұл ұстанымы бүгін ғана пайда болған жоқ. Егер Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы форматтағы соңғы кездесулердегі сөздеріне қарасақ, қауіпсіздік тақырыбы тұрақты түрде көтеріліп келеді. 2025 жылғы Ташкент кездесуінде Президент терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмысқа қарсы күресті атап өтіп, бұл мәселелермен қауіпсіздік кеңестері хатшылары деңгейінде жұмыс істеу қажеттігін айтқан болатын.
Ал қазіргі жағдайда қауіптердің сипаты өзгеріп келеді. Бүгінде терроризм, есірткі бизнесі, заңсыз қару-жарақ пен адам саудасы, заңсыз көші-қон және ұйымдасқан қылмыс сияқты дәстүрлі қауіптерге цифрлық технологияларды қылмыстық мақсатта пайдалану қаупі қосылды.
Сондықтан келесі деңгейдегі ынтымақтастық қауіптің салдарымен ғана күресуге емес, оны алдын ала анықтауға бағытталуы тиіс. Бұл үшін ортақ тәуекелдерді бағалау, ақпарат алмасу, бірлескен оқу-жаттығулар және дағдарыс жағдайында жедел үйлестіру тетіктерін дамыту қажет.
Меніңше, жалпы логика былай көрінеді: біз қауіптерді анықтау және қауіпсіздік механизмдерін күшейту деңгейінен бүгінде сол механизмдерді нақты практикалық құралдарға айналдыру жағдайындамыз.
— Президент терроризм, есірткі бизнесі, заңсыз қару айналымы және ұйымдасқан қылмыспен қатар цифрлық технологиялардың қылмыстық мақсатта қолданылу қаупіне ерекше назар аударды. Қазақстан көтеріп отырған осы мәселе аймақтық қауіпсіздік күн тәртібін қаншалықты өзгертеді?
— Бұл мәселе өңірлік қауіпсіздік күн тәртібін айтарлықтай өзгертеді. Себебі цифрлық технологиялар енді қауіпсіздіктің жеке бір бағыты емес, дәстүрлі қауіптердің барлығына әсер ететін жаңа факторға айналып отыр.
Мұнда да Президенттің ұстанымының эволюциясын көруге болады. 2025 жылғы Ташкент кездесуінде қауіпсіздік күн тәртібінде терроризм, экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс сияқты дәстүрлі қауіптер басым болса, қазір Президент осы қатарға цифрлық технологиялардың қылмыстық мақсатта қолданылуын нақты қосып отыр.
Бұл өте маңызды өзгеріс. Өйткені қылмыстық топтар мен террористік ұйымдар технологияны коммуникация, қаржыландыру, үгіт-насихат және өз қызметін ұйымдастыру үшін пайдалануы мүмкін.
Сондықтан Қазақстан бұл жерде тек қауіп туралы айтып отырған жоқ. Президент Орталық Азия елдерінің жасанды интеллект саласындағы серіктестігін құруды, ғылыми орталықтар, университеттер мен технологиялық компаниялар арасында ақпарат және тәжірибе алмасуды ұсынды. Сонымен қатар жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану туралы өңірлік декларация әзірлеу ұсынылды.
Яғни Қазақстанның тәсілі — жаңа технология пайда болғаннан кейін оған бейімделу емес, оның қауіпсіз қолданылуының ортақ қағидаларын алдын ала қалыптастыру.
Меніңше, болашақта киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және цифрлық қылмыспен күрес дәстүрлі қауіпсіздік мәселелерімен тең дәрежеде қаралуы тиіс.
— Қазақстанның Пәкістан порттарына шығуын қамтамасыз ететін екі ірі жоба – Түрікменстан арқылы «Тургунди–Герат» бағыты және Өзбекстан арқылы «Мазари-Шариф» бағыты қарастырылып отыр. Осы жобалардың негізгі ерекшеліктері қандай?
— Бұл Қазақстанның Пәкістан порттарына шығуын әртараптандыруға бағытталған біртұтас стратегияның бірін-бірі толықтыратын екі тармағы.
Батыс бағыт қазір нақты пысықталған. Қазақстан 2025 жылы Тургунди–Герат–Кандагар–Спин-Болдак желісіне қатысу ниетін ресми бекітті. Тургунди–Герат учаскесінің ұзындығы 173 шақырым, оны іске асыруға 500 млн доллар инвестиция қарастырылып отыр. Сонымен қатар Гератта логистикалық орталық құру жоспары бар.
Шығыс бағыт та біртіндеп қалыптасып келеді. 2025 жылы Өзбекстан ұсынған жобаның трассасы өзгертілді. Ал 2026 жылғы 30 қыркүйекте Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері осы бағытты бірлесіп зерделеу туралы меморандумға қол қойды. Оның бір бөлігі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.
Бұл бағыттарды дамыту үшін нақты жүк базасы да қалыптасып отыр. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанның Ауғанстанға экспортының негізгі бағыттарының қатарында астық пен ұн өнімдері болды. Сондықтан Мемлекет басшысы ұсынып отырған оңтүстік көлік бағыттарын дамыту бастамасы Қазақстанның сауда және транзит географиясын кеңейтуге жаңа мүмкіндік береді. Екі бағытты қатар дамыту тасымал бағыттарын әртараптандырып, Қазақстанның Пәкістан порттарына шығу мүмкіндігін кеңейтеді.
Сонымен қатар бағыттарды толыққанды іске қосу үшін теміржол инфрақұрылымының техникалық ерекшеліктерін ескеру маңызды. Қазақстандағы теміржол колеясының ені 1520 мм болса, Пәкістанда бұл көрсеткіш 1676 мм. Осыған байланысты теміржол инфрақұрылымымен қатар терминалдарды, кеден рәсімдерін және тарифтік тетіктерді де қатар пысықтау маңызды.
Меніңше, Қазақстан үшін екі бағытты да қатар дамыту тиімді. Батыс бағыттағы нақты жобаларды іске асырумен бірге шығыс жобасына да параллель қатысу еліміздің оңтүстік көлік бағдарларын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның Пәкістан порттарына шығу мүмкіндігін кеңейтіп, Оңтүстік Азия нарықтарына бағытталған жаңа сауда-логистикалық байланыстарды дамытуға негіз болады.
— Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесулерінің маңызын атап өтіп, бұған дейін қабылданған өңірлік қауіпсіздік құжаттарын нақты іске асыру қажеттігін айтты. Қазақстанның осындай институционалдық тетіктерді күшейтуге бағытталған ұстанымын қалай бағалайсыз?
— Мен бұл ұстанымды өте прагматикалық әрі логикалық қадам деп бағалаймын.
Егер Президенттің соңғы кездесулердегі ұсыныстарын салыстыратын болсақ, институционалдық тетіктерді күшейту идеясы да біртіндеп дамып келе жатқанын көруге болады. 2025 жылғы Ташкент кездесуінде Президент Консультативтік кездесулер форматын институционалдық тұрғыдан нығайтуды, Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің рөлін күшейтуді және сарапшылық деңгейдегі тетіктерді өңірлік өзара іс-қимыл жүйесіне енгізуді ұсынған болатын.
2026 жылғы Чолпон-Ата кездесуінде бұл бағыттың келесі кезеңі көрінді. Президент бұрын қабылданған Достық туралы шартты нақты іске асыру үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, яғни саяси уағдаластықтарды практикалық қадамдарға айналдыруды ұсынды.
Ал бүгінгі кездесуде осы логика қауіпсіздік саласында жалғасын тауып отыр. Президент қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесулерінің маңызын атап өтіп, Ташкентте қабылданған Аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылық тұжырымдамасы мен қауіпсіздік тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі шараларды барлық тараптың орындауы маңызды екенін айтты.
Сондықтан меніңше, Қазақстанның ұстанымы институттар мен ұсыныстар санын көбейтуге емес, қабылданған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ететін тетіктерді одан әрі жетілдіруге негізделеді.
Мемлекеттер басшылары деңгейінде саяси шешімдер қабылданса, үйлестірушілер, қауіпсіздік кеңестері хатшылары және сарапшылық институттар сол шешімдерді іске асыруға қажетті жұмысты қамтамасыз етуі тиіс.
— Тоқаев Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықты экономика мен көліктен бөлек, жасанды интеллект, су қауіпсіздігі және ортақ ақпараттық кеңістік бағыттарында да дамытуды ұсынды. Бұл бастамалар Қазақстанның өңірлік саясатындағы қандай өзгерістерді көрсетеді?
— Меніңше, бұл Қазақстанның өңірлік саясатында экономикалық интеграция шеңберінен шығып, көпсалалы өңірлік өзара іс-қимыл моделіне көшу үдерісі жүріп жатқанын көрсетеді.
Бұл өзгеріс бірден пайда болған жоқ. 2025 жылғы Ташкент кездесуінде Президенттің негізгі ұсыныстарының қатарында сауда, көлік, сирек металдар, жасанды интеллект, су, туризм және өңірлік институттарды дамыту мәселелері болды.
2026 жылғы Чолпон-Ата кездесуінде Президент осы үдерістің саяси өлшеміне тоқталды. Ол Әзербайжанның толыққанды қатысуы форматтың жаңа кезеңін ашатынын және Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы саяси, инвестициялық, энергетикалық және көлік байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ал қазіргі кездесуде бұл бағыт одан әрі кеңейіп отыр. Мысалы, Президент трансшекаралық су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді және Орталық Азияның су пайдалану мәселелері жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар жасанды интеллект саласында Орталық Азия серіктестігін құру бастамасы көтерілді.
Гуманитарлық салада бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастыру, аймақтық телеарна құру, сондай-ақ мәдени, ғылыми, спорттық және туристік іс-шаралардың ортақ күнтізбесін әзірлеу ұсынылды.
Бұл бастамаларды жеке-жеке қарастыруға болмайды. Олардың барлығы біртұтас стратегияның өзара байланысты элементтері деп ойлаймын.
Қазақстан Орталық Азияны тек сауда немесе көлік кеңістігі ретінде емес, қауіпсіздік, экономика, су ресурстары, технология, ақпарат және гуманитарлық байланыстарды қамтитын тұтас өңірлік кеңістік ретінде қарастырып отыр.
Ал Әзербайжанның толыққанды қатысуы осы кеңістікті Каспий арқылы Оңтүстік Кавказбен байланыстырып, оның геоэкономикалық маңызын арттыра түседі.
— Президент 2018 жылдан бері ұсынылған 200-ден астам бастаманың аз бөлігі ғана жүзеге асқанын айтып, оларды қайта саралауды ұсынды. Өңірлік ынтымақтастықта бастамалардың санынан гөрі нақты нәтижеге басымдық беру Қазақстанның прагматикалық саясатының көрінісі деп айтуға бола ма?
— Иә, меніңше, бұл Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастыруға болады.
Бұл жерде де Президенттің сөздерінен белгілі бір эволюцияны байқауға болады. 2025 жылғы Ташкент кездесуінде Президент бірқатар нақты бастамалар ұсынды. Олардың қатарында сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізу, көлік жүйесін дамыту, электронды жүк сүйемелдеу жүйесін енгізу, сирек металдар бойынша зерттеу орталығын құру, жасанды интеллект жөніндегі декларацияны қабылдау, су стратегияларын үйлестіру, бірыңғай туристік кеңістік құру және Консультативтік кездесулердің институционалдық тетіктерін күшейту мәселелері болды.
2026 жылғы Чолпон-Ата кездесуінде назар біртіндеп жаңа бастамалардан оларды іске асыруға ауды. Мысалы, Президент Достық туралы шартты нақты жүзеге асыру үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды.
Ал бүгінгі кездесуде бұл бағыт нақтырақ айқындалды. 2018 жылдан бері 200-ден астам бастама ұсынылғанын ескере отырып, олардың іске асу барысын саралап, өзектілігі мен перспективаларын қайта қарау қажеттігі айтылды.
Меніңше, бұл маңызды басқарушылық қағидат. Қабылданған шешімдердің іске асуын қамтамасыз ету өңірлік ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Әрбір бастама бойынша оның мақсаты, іске асыруға жауапты тараптар мен мерзімдері, сондай-ақ күтілетін нәтижелер нақты айқындалуы қажет.
Сондықтан қазіргі тәсілді бастамаларға бағдарланған дипломатиядан нәтижеге бағдарланған дипломатияға көшу үдерісі ретінде сипаттауға болады. Яғни өңірлік ынтымақтастықтың тиімділігі ұсынылған бастамалардың санымен қатар, олардың іске асуы және нақты практикалық нәтижелері арқылы бағалануы тиіс.
Бұл ретте, меніңше, Президенттің бүгінгі сөзіндегі маңызды тұстардың бірі – Орталық Азиядағы интеграцияның тиімділігін нақты экономикалық, қауіпсіздік және гуманитарлық нәтижелер арқылы бағалауға басымдық берілуі.
Егер қорытындылайтын болсам, Қазақстанның қазіргі өңірлік саясатының басты ерекшелігі – Орталық Азиядағы ынтымақтастықты саяси декларациялар мен бастамалар деңгейінен нақты практикалық нәтижелерге бағыттау. Соңғы кездесулердің динамикасына қарасақ, бұл ұстаным біртіндеп қалыптасып келеді: алдымен ортақ бастамалар ұсынылды, кейін оларды іске асыру тетіктері айқындала бастады, ал қазір олардың нақты нәтижелерін бағалауға басымдық беріліп отыр.
Бұл ретте қауіпсіздік саласы жаңа цифрлық қатерлерді ескере отырып жетілдірілуі, экономикалық ынтымақтастық нақты сауда, өндірістік және көлік жобаларымен нығайтылуы, трансшекаралық су ресурстары ортақ әрі әділ қағидаттар негізінде басқарылуы, ал жасанды интеллект сияқты жаңа технологиялар бойынша өңірлік жауапкершілік стандарттары алдын ала қалыптастырылуы маңызды.
Яғни бүгінгі таңда басты мәселе – ынтымақтастықтың ауқымы немесе бастамалардың саны ғана емес, олардың нақты құндылығы, іске асуы және халықтарымызға беретін практикалық нәтижесі.