Мақсұт Нәрікбаевтың аты ешқашан ұмытылмайды - А.Дауылбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада заң ғылымдарының докторы, профессор, «ҚазГЗУ» АҚ Президенті, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың халқы, отбасы, туған-туыстары мен әріптестері, оның аяулы шәкірттері профессорды ақтық сапарға шығарып салды. Марқұм Астанадағы Ұлттық пантеонда жерленді.

«Бүгін біз белгілі заңгер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, өмірде өте жақсы адам болған Мақсұт Сұлтанұлымен еріксіз қоштасып тұрмыз. Оның өмірі қиын, бірақ, бекер өтпеген өмір. 1940 жылы туған Мақсұт Сұлтанұлының балалығы соғыспен таласа өтсе, соғыстан кейінгі ауыр жылдар жалындағын жастығына тұспа тұс келді. Ол металлург те, қара жұмысшы да болды, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, бүкіл өмірін заң саласына арнады. Оқу бітірген соң прокуратурада тергеуші, заң орындарында халық судьясы, кейін Президент Әкімшілігінде , Бас прокуратурада жұмыс істеді, еліміздің Жоғарғы сотын басқарды. Бұл адам - халқына аянбай қызмет еткен адам. Мақсұт Сұлтанұлының жарқын бейнесі әріптестерінің, достары мен жақындарының, шәкірттерінің жүрегінен жоғалмақ емес. Мақсұт Нәрікбаевтың аты ешқашан ұмытылмайды», - деді марқұмды ақтық сапарға шығарып салар кезде ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев.

М.Нәрікбаевтың жақындарына көңіл айта келген халықтың арасында Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми, Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтер де бар.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, 12 қазан күні 76-ға қараған жасында заң ғылымдарының докторы, профессор, «ҚазГЗУ» АҚ Президенті, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев дүниеден өтті. Бүгін таңертең Қазақ гуманитарлық заң университетінде марқұммен қоштасу рәсімі өтті.

Талдықорған облысы Талдықорған ауданының Еркін ауылында дүниеге келген. 1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетті заңгер мамандығы бойынша бітіріп шықты (қазір - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) . Заң ғылымдарының докторы (1998), құқықтану профессоры (2001), Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі (2001 жылдан бастап). М.Нәрікбаев жоғары класты білікті судья еді.