Мақта алқаптарын әртараптандыру - тиімді жоба

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдарды қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және мал азықтық өнімдермен алмастыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы мақтаның егістік алқабын әртараптандырудың 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді.

«Аталған жобаның мақсаты - ағын су жүйелерінің тиімділігін арттыру арқылы вегетация кезінде су тапшылығы мәселесін шешу. 457 млн. текше метр қажеттіліктің орнына нақты берілетін су көлемі 157 млн. текше метрді құрайды. Аталған қаулы жобасының іс-жоспарында мақта дақылының егіс көлемін 2013 жылы 94 мың гектардан 2016 жылы 66 мың гектарға дейін азайту немесе 28,0 мың гектарды қысқарту қарастырылған. Мақта дақылын тұзданған алқапта ғана, яғни 66 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр», - деліген ОҚО әкімі аппараты баспасөз қызметінің мәліметінде.

Қысқартылатын 28 мың гектар мақталықтың орнына бақша - 5,9 мың га, жүгері - 6,0 мың га, жоңышқа - 7,0 мың га және жеміс дақылдары мен жүзім - 3,0 мың га жерге егіледі. Күтілетін жалпы табыс 40 млрд. теңге немесе мақтамен салыстырғанда қосымша 32 млрд. теңгеге артық өнім өндірілетін болады. Аталған кешенді жоспар жобасын іске асыру мақсатында 2014 жылы 7 465,5 млн. теңге, 2015 жылы 13 041 млн. теңге, 2016 жылы 20 261,8 млн. теңге, жалпы 40,768 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр.