Мақта өсірумен айналысатын 10 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі мемлекеттік несиелермен қамтылды
Бұл туралы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім етті.
Компанияның баспасөз қызметінен атап өткендей, 2010 жылы мақтаның бағасы 140 жылдың ішінде шарықтау шегіне жетті. 2010 жылдың қазанында Нью-Йорк құрлықаралық биржаның электронды саудасында мақтаның бағасы 3,1 пайызға көтеріліп, 1, 2854 долларға жетті. Әлемде мақта тапшылығы 2009-2010 жылдары 16,4 млн. теңнің межесіне жетті.
Қазақстанда аталмыш шикізатты өңдеу жоғары деңгейде емес. Мәселен, 2005 жылы тоқыма және тоқу өнеркәсібінің үлес салмағы Қазақстанның ІЖӨ-нің жалпы көлемінің небәрі 0,4-0,5 пайызын құрады және елде өндірілетін мақтаның тек оннан бір бөлігі ғана өзімізде өңделді.
2000 жылдың ортасында Оңтүстік Қазақстанда мақта кластерін құру қажеттілігі туындады. Оңтүстік өңір мақта өндіруге қолайлы аймақ, ал Қытай, Азия елдері, Ресей және басқа да көрші мемлекеттер оны өткізудің әлеуетті нарықтары бола алады. Диқандарға мемлекет тарапынан ауқымды көмектер де көрсетілді. Атап айтқанда, 2010 жылы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» мақта өндірісіне 2 пайыздық мөлшерлемемен 2,5 млрд. теңге несие бөлді. Оңтүстік өңірлерде мақта өсірушілерді қаржыландыру шағын несиелік ұйымдармен жаңартылмайтын несиелік желілер және біржолғы шағын несиелер түрінде жүзеге асырылды. Бір гектар жерге шамамен 45 мың теңгеден келді. Солайша, мемлекеттік несиелермен мақта өсірумен айналысатын он мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі қамтылды.
Қазақстанның бағдары - мақта егінінің көлемін арттыру ғана емес, басты мақсат - елде мақта кластерін жолға (өсіру, өңдеу және дайын өнім шығару) қою. Бұл ретте, «Қазақстан мақтасы» АҚ (Азық-түлік корпорациясының 2007 жылы құрылған еншілес компаниясы) елдің мақта-тоқыма өнеркәсібіндегі басты кәсіпорын болмақ. Кәсіпорынның негізгі мақсаты - екі жаққа тиімді бағамен өнімдерді сатып алу арқылы диқандарға көмек көрсету. «Қазақстан мақтасы» компаниясы ОҚО-ның Мақтаарал және Шардара аудандарында мақтаны сатып ала отырып, диқандар үшін тартымды бизнес-әріптесіне айналды. Төрт жыл ішінде мақта шикізатын сатып алу бағасы екі есеге артты. Нақты айтқанда, бір тоннасы үшін 45 мың теңгеден 107 мың теңгеге көтерілді.
Онымен бірге, компания өз жеткізушілеріне тұқымдық материалдарды дайындап беру қызметтерін ұсынады. Екі жыл бұрын«Азық-түлік корпорациясы» «Қазақстан мақтасымен» бірігіп, Мақтаарал ауданында мақтаның сұрыптық тұқым материалдарын өндіретін зауыт құрылысы бойынша инвестициялық жобаны (жобаның құны - шашамен 1,7 млрд. теңге) жүзеге асырды. Кәсіпорынның бір жылдық қуаты - 7 млн. тонна.