Облыс әкімі су басқан Өргебас және Фердауси ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Жаңажол ауылдық округі Өргебас ауылында орналасқан Қ.Аманжолов атындағы №22 жалпы орта мектебінің құрылысын тексерді. Облыстық бюджет есебінен құрылысы басталған 200 орындық жаңа мектеп биыл пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, мұнда фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты да салынып жатыр.
«Қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарылды. Халықты тіршілікпен қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдар қалпына келтірілуде. Халықты ертерек баспаларына жайғастыру үшін құрылыс жұмыстары күшейтілді. Жауапты ауған әкімдері, басшылары осында. Құрылысты уақытында аяқтау үшін күн-түн демей еңбек етіп жатыр», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Жалпы көлемі 1256 гектарды құрайтын Өргебас елдімекенінде 209 үй орналасқан. Онда су басқан үйлер бұзылып, аумағы тазартылып, үйлердің іргетасы құйылған. 70 үйдің қабырғасы қаланып, шатыры жабылуда.
Құрылыс жұмысына 613 адам тартылған. 2377 адам тұратын Фирдоуси ауылын қалпына келтіру жұмыстары да тынымсыз жүргізіліп жатыр. Жалпы көлемі 1358 га болатын ауылда 327 үй орналасқан.
Бүгінгі таңда ондағы жарамсыз үйлер бұзылып, үй аумақтары тазартылған. Басым бөлігінің іргетасы құйылып, 96 үйдің қабырғасы қаланып, шатыры жабылуда. Ал, құрылыс жұмыстарына 1002 адам тартылған.
Сонымен бірге, Фердауси атындағы мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Ауылдағы ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. 33 км құбыр жүргізіп, ұңғымалар бұрғыланған.
Абоненттік жәшіктер қойылып, жаңа су мұнарасын орнату жұмыстары басталған.