Мақтаарал ауданында Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты кеш өтті

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат –Түркістан облысының Мақтаарал ауданында Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты кеш өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков қатысып, айтулы мерекемен барша аудан тұрғындарын құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпыхалықтық мерекеге айналып үлгірген атаулы күнді аймақ жұртшылығы кең көлемде, өзіндік сән-салтанатымен атап өтті. «Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті халқымыздың татулығы мен бірлігінің, Отанымыздың өркендеп алға басуының басты шарты бола білді. Егеменді ел болған Қазақстан ширек ғасыр уақыт аралығында ұлттық бірліктің үлгілі моделіне айналды. Сіздерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен тағы да құттықтай отырып, әрбір отбасыға амандық, баянды бақыт, мол қуаныш тілеймін. Қашан да тұғырымыз – тыныштық, тірлігіміз – тұрақтылық, тілегіміз татулық болсын!», - деді Бейсенбай Төребеков. Халыққа арнаған ізгі тілегінен соң аудан әкімінің орынбасары әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосып жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді аудан әкімі Бақыт Асановтың алғыс хатымен марапаттады.

Салтанатты кеш барысында аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, Елбасы туралы әндер шырқалды. Сондай-ақ, мереке аясында Тұңғыш Президенттің тарихы туралы көрме қойылып, жас ақындар жырдан шашу шашты.