Мақтаарал ауданында 62 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Барлық сайлау учаскелері бақылау камералармен, қосымша электр көздерімен және арнайы басқа да құрал-жабдықтармен толығымен қамтылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толықтай жағдай жасалған.
Жалпы ауданда 2 704 сайлау құқығына ие мүгедектігі бар азамат бар. Оның ішінде 189-ы арбаға таңылса, 350-ден астамының көзі көрмейді немесе құлағы естімейді. Қалғандары - 2-3 топтағы азаматтар.
Сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы кабиналар орналасқан. Олар тактильдік көрсеткіштер, арнайы бұрыштар, мониторлы компьютерлер, құлақаспаптар, ұлғайтқыштар, тұтқалар және пандустармен жабдықталған. Сондай-ақ көзі көрмейтін зағип жандар үшін 61 сайлау учаскесіне тактильді жолақ орнатылған.
Сонымен қатар 9 сурдо-тифло аудармашы, 3 инватакси, 4 әлеуметтік такси қызметі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетуде. Ал, жүріп-тұруы қиын қала тұрғындары жылжымалы жәшік арқылы үйде отырып дауыс беруде.
Айта кетейік, бүгін Түркістан облысының 4 ауданында әкім сайлауы өтіп жатыр.