«Мақтаарал» оркестрінің сүйемелдеуімен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашса, мектеп оқушыларынан құралған би ұжымдары салтанатты кештің сәнін келтірді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар мен қонақтар арасында алыптар сайысы өтті.
Білекті жігіттер салмағы 160 келі болатын зіл темірді 20 метр жерге көтеріп алып бару, 200 келілік жүк көлігінің доңғалағын 20 метр жерге аударып жеткізу, 1500 келілік жеңіл көлікті 20 метр жерге сүйреу, 32 келілік кір тасын 20 метр жерге көтеріп бару секілді сайыстардан бақ сынады.
Аталған шарттардың барлығын 1 минут 29 секундта орындаған Эраж Кенжаев есімді балуан жеңімпаз атанды.
Ал, қошқар көтеру сайысынан салмағы 30 келі келетін қошқарды 5 минут ішінде 116 рет көтерген Елдос Зулпан бас жүлдені жеңіп алды. Мұнан бөлек мерекеге келушілер кір тасын көтеру, қол күрес, асық ату, тоғызқұмалақ ойындарынан сайысқа түсті. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудан біріншілігі ұйымдастырылды. Оған жалпы 60-тан астам балуан қатысып, өзара бақ сынады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Бақыт Асанов, аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова және ардагерлер сөзге шығып, көпшілікті көктемнің жайма шуақ мерекесімен құттықтады.
Сонымен қатар, елдің бірлігін арттырып, ынтымағына ұйытқы болып жүрген ауданның белсенді азаматтарын алғыс хатпен марапаттады.
Наурыз мерекесі «Мақтаарал» мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.