Шолпан Дүйсенбина басшылық ететін «Ғибрат Құрылыс» ЖШС жобалық құны 115 миллион теңгенің тапсырысын қабылдаған. Бүгінде зауыттағы алып қондырғы сағатына 60 текше дайын бетон шығаруға қауқарлы.
«Сол қондырғының арқасында 4 түрлі өнім жасай аламыз. Өзімізге қажетті шикізаттың барлығын Шымкенттен алдырамыз. Себебі, жеткізушілерімізбен талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, олар бізге тек сапалы өнім жібереді», - дейді кәсіпорынның инженер-технологы Әбдірахман Қарабеков.
57 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында орташа жалақы - 130 мың теңге. Жұмысшылар ыстық тамақпен, жатын орынмен толық қамтылған. Ай сайын орта есеппен 25-30 миллион теңгенің өнімін шығаратын кәсіпорын басшылығы сұраныс пен ұсынысқа қарай өнім көлемін арттыруға қауқарлы.
Мұнан бөлек, ауданда қондырғылардың барлық функциясы бір тетіктен басқарылатын «Sоldatos» асфальт-бетон зауыты ашылған. Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын Грекия мемлекеті инвестициясының арқасында іске қосылған. Өндіріс орны тәулігіне 1000 тонна асфальт-бетон өнімдерін шығара алады. Жобалық құны 300 миллион теңгені құрайтын зауытта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.