Мақтааралдағы жаңа ықшам ауданның құрылысына 31 мердігер мекеме жұмылдырылған

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі су тасқыны болған Мақтаарал ауданындағы құрылыс жұмыстарын тексеріп шықты. Мырзакент кентіндегі мөлтек ауданда болған аймақ басшысы жаңадан салынып жатқан үйлерді аралап көріп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған құрылыс алаңында 31 мердігер мекеме үйлер салып жатыр. Жалпы 386 үйдің құрылысына 1 427 жұмысшы жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары ҚР Үкіметінің резерві және қайырымдылық қорлардың есебінен жүргізіліп келеді. Шағын аудан ауыз су, жарық пен газбен қамтамасыз етіліп, байланыс желісімен жабдықталады. Мұнда сондай-ақ, жол төселіп жатыр. Жаңа мөлтек ауданда абаттандыру жұмысы барысында саябақ пен 2 спорт алаңшасы салынып жатыр.


Су тасқыннан зардап шеккен Жеңіс, Достық, Жаңатұрмыс елдімекендерінің тұрғындарына арналып 70 гектар аумаққа жерге салынып жатқан мөлтек ауданда 1 200 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша ғимараты басталған.


Бұдан өзге дәрігерлік амбулатория нысанының да құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімінің нақты тапсырмасын басшылыққа ала отырып, тиісті мекемелер жұмыс қарқынын күшейткен. Құрылыс өз мерзімінде аяқталуы қажет.

Айта кетейік, мұнда салынып жатқан тұрғын үйлер тұрғындарға тамыз айында тапсырылады деп жоспарланып отыр.


Айнұр Ақбаева

Суреті поштада