***
«Кеше Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін тұғырландыру бағытындағы тағы бір елеулі белеске көтерілді. Астананың төрінде Қазақстан мемлекеттігінің басты бейнесі ретінде «Қазақ елі» монументі ашылды». «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақ деген елміз біз!» деген атпен берілген мақала елеулі іс шараға кеңінен тоқталыпты.
«Сессия қарсаңындағы келелі кеңес». Осытақырыппен берілген аталмыш басылымдағы келесі мақала кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы -Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен жергілікті атқарушы органдар басшылары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысқан кеңеске назар аударыпты. «Аталған кеңес Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XV сессиясына орайдастырылып, осы үлкен шараның қарсаңында ұйымдастырылды», - дейді басылым.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Бейімбет Майлин және «Еңбекші қазақ» тақырыбымен берілген мақала аталмыш газеттің 90 жыл толуына орай басылымның бастау көзі «Еңбекші қазақ» газеті және оған еселі еңбек сіңрген Бейімбет Майлин турасында жазды.
***
«Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенінің ашылу салтанатына назар аударған «Айқын» газеті де бүгінгі санындағы «Ата-баба аманатына адалдық» деген мақаласында «Осы кешеннің кешегі ашылу рәсімі ғаламат ауқымымен таңдандырды. Ұйымдастырушылар бұл салтанатқа Елордамен шектелмей, еліміздің шартарабынан жетпіс үш мың қатысушы шаыртыпты, халықтың қалың нөпірі «Қазақ елі» монументінің өткенде ғана әскери шеру дүбірлеткен үлкен алаңын аузы - мұрнынан шығара толтырды», - деп жазды.
«Қазақстан ғылымы «интелектуалды төңкеріс» жасауға қабілетті». Осы тақырыппен берілген «Айқын» газетіндегі келесі мақала Ә.Бектұров атындағы республикалық «Химия ғылымдарының институты» АҚ «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыруда ғылым мен инновация қызметі» деген тақырыпта өткен алқалы мәжілісте ғалымдардың ортаға салған пікірлерін жариялапты.
***
«ОҚО Мақтаарал ауданындағы орта мектеп оқушыларының сабаққа қатысу жағдайына тексеру жасалды. Тексеру барысында сол күнгі күнделік кестесіне сәйкес алғашқы ауысымда оқитын 284 оқушының 45-і ғана партада отырған. Қалған 239 оқушының өздерінің отбасына тиесілі мақта алқаптарында мақта жинауға кеткені анықталды». Сабақты жиып қойып мақта алқабында жүрген оқушылар жайлы «Алаш айнасы» апталығыныңбүгінгі санындағы «Мақтааралдық оқушылар оқу орнына мақта теріп жүр» дегенмақаладан оқи аласыздар.
Жалпы жұрттың фонограммаға жаппай «өшігуінің» мәні неде? Өркениеттің дамып, технологияның жан-жақты өрістегеніне қарамастан, елдің жанды дауысты қажетсінуі неліктен? «Өркениет» айдарынан орын алған «Өліге» бойы үйренген жұрт... «жандыны» жатырқап жүрмесе, игі» атты келесі мақала осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітеді.
***
Кеше Астанада 70 мыңнан астам адам мәні мен мағынасы зор «Қазақ елі» - сәулет-кешенінің салтанатты ашылу рәсімін тамашалады, деп жазады «Литер»бүгінгі нөмірінде.
Қазақ елінің бүгінгі өмірінде ерекше маңызға ие осынау оқиғаны «Казахстанская правда», «Экспресс-К», «Известия-Казахстан»газеттері де кеңінен жазған.
Кеше Астанада Үкімет ағымдағы жылдың 9 айының әлеуметтік экономикалық дамуының қорытындыларын шығарды. Бұл турасында «Казахстанская правда»газеті үлкен материал басқан.
«Алдағы уақытта Министрлер кабинетінің бар күші ІЖӨ өсімін ұлғайтуға бағытталуы тиіс - бұл Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің айтқан басты тапсырмасы. Және оған қол жеткізуге болады. Ағымдағы жылдың 9 айының өзі елдегі макроэкономикалық ахуалды тұрақтандыруда оң үдеріс бар екенін көрсетті», дейді «КазПравда».
Осы тақырыптағы материалдарды «Экспресс-К», «Литер» және «Известия-Казахстан» газеттерінің де бүгінгі нөмірлерінен оқуға болады.