Мал азығын дайындау жоспары артығымен орындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мал азығын дайындау науқаны өз мәресіне жетіп, барлық түрі бойынша 43 млн тоннадан асты.

Фото: АШМ

Негізгі төрт түрлі мал азығын дайындау бойынша жоспарлы көрсеткіштер артығымен орындалды. Бұл алдағы қысқы мал қыстату кезеңінде мал шаруашылығы құрылымдарын қажетті жемшөппен қамтамасыз етуге берік негіз қалайды.

Атап айтқанда, шаруалар 27 млн тонна шөп дайындады. Бұл жоспардың 105,2 пайызын құрайды. Сонымен қатар 2,4 млн тонна пішендеме (жоспардың 103,9%-ы), 2,9 млн тонна сүрлем (105,3%), 4,9 млн тонна сабан (103,5%) және 5,7 млн тонна құнарлы жем (100,3%) әзірленді.

Шөп, пішендеме, сүрлем және сабан дайындау бойынша жоспардың артығымен орындалуы қосымша жемшөп қорын қалыптастыруға және мал шаруашылығы қожалықтарының қыстан шығуға дайындығын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, ауа райы қолайсыз болған жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге септігін тигізетін сақтық қорларының маңызы зор.

Бұған қоса, өткен қыстаудан қалған 3,6 млн тонна жемшөп те қосымша ресурс ретінде пайдаланылмақ.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемдік астықпен қосымша қамтамасыз ету мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы 200 мың тонна көлемінде жемдік астық қорын әзірледі. Қажет болған жағдайда бұл астық мал және құс шаруашылығының қажеттілігіне, оның ішінде маусымаралық кезеңдегі сұранысты өтеуге бағытталады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мал азығын дайындау науқанының қорытынды кезеңіне мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Әсіресе, жеткілікті жемшөп қорын қалыптастыруға, дайындау жұмыстарын уақытылы аяқтауға және шаруашылықтардың алдағы қыстауға дайындығына баса назар аударылып отыр.

Мол жемшөп қорын қалыптастыру — мал шаруашылығын тұрақты дамытудың, мал басын сақтаудың және мал шаруашылығы өнімдерін тұрақты өндірудің негізгі шарттарының бірі. 

Айта кетелік Орталық Азияға 6,2 млн тонна қазақстандық астық жеткізілген еді.