Мал азығын дайындайтын техника алу үшін бөлінетін несие сомасы ұлғайды
13:13, 22 Тамыз 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мал азығын дайындау мен суару жүйелеріне арналған техника алу үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясының жарғылық капиталын ұлғайту үшін 20 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Егінді уақытында және сапалы жинап алу – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттердің бірі. Бірқатар өңірлерде егін орағы басталып кетті. Үкімет тарапынан қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды. Нарықтық бағадан 15 пайызға төмен бағамен 426 мың тонна дизель отыны бөлінді. 140 млрд теңге бюджеттік кредит беру көзделген. Сондай-ақ, жаңа астықты форвардтық сатып алуға 81 млрд теңге бөлінді. Биыл мал азығын дайындауға арналған техника мен суару жүйелерін сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінді», - деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.